Түркістанда «Түркістан - түркі халықтарының рухани орталығы» шарасы өтті

0
1 866

Тарихи тереңде жатқан қазақ пен өзбек халқының арасында ежелден достық қарым-қатынас орнығып, дәстүріміз бен сал-санамыз қабысып жатыр. Соңғы жылдардағы 10 нан аса екі жақты кездесулердің өзі екі бауырлас елдер арасындағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстардың нығая түскенін көрсетеді.


Түркістанда «Түркістан - түркі халықтарының рухани орталығы» шарасы өтті

«Түркістан - түркі халықтарының рухани орталығы» мерекелік іс-шарасы жоғары деңгейде аталып өтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері қаламызда облыстық және Халықаралық деңгейдегі іс-шаралар жиі-жиі өтіп жатқанына көпшілік куә. Міне осындай іс-шаралардың бірі «Өзбек халқының тілі, мәдениеті және дәстүрлері күні» аясында «Түркістан - түркі халықтарының рухани орталығы» мерекелік іс-шарасы киелі шаһарда жоғары деңгейде аталып өтілді.

22 қыркүйек күні арайлап атқан таң көрші Өзбекстан Республикасы мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен көне шаһарға ағылып келген қонақтарға жылы қабағын танытып тұрған сыңайлы. Алдымен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Өзбек халқының тілі, мәдениеті және дәстүрлері» күніне арналған мерекелік шара аясында Өзбекстан Республикасынан келген делегация өкілдері, ҚР Парламенті депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелерімен кездесті.

Басқосуда сөз алған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы бүгінгі кездесу 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында ұйымдастырылып отырғанын тілге алды.

-Тарихи тереңде жатқан қазақ пен өзбек халқының арасында ежелден достық қарым-қатынас орнығып, дәстүріміз бен сал-санамыз қабысып жатыр. Соңғы жылдардағы 10 нан аса екі жақты кездесулердің өзі екі бауырлас елдер арасындағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстардың нығая түскенін көрсетеді. Соңғы жылдары теміржол тасымалы 44 пайызға артып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Жаңадан құрылған облыс орталығын туристік орталыққа айналдыру барысында Өзбекстанның Самарқан, Бухара, Хива сияқты көне қалалардың іс-тәжірибелерімен бөлісіп, келешекте Түркістанда туристер санын арттыратын боламыз. Алдағы жылдары мұндай әріптестік, бауырластық, достық байланыстарымыз жалғаса береді,-деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, кездесуде Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Тимур Рахимов бүгінгі кездесуді ұйымдастырып, екі ел арасындағы ынтымақ, бірлік, татулық байланыстырды нығайтуға сеп болып отырғаныңыз үшін алғысымды білдіремін десе, Өзбекстанның Самарқан облысы, Оқдаре ауданы әкімінің орынбасары Айгул Маматова, Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі Бақи мырзалар Өзбекстанның Қазақстанға жалынды сәлемін жеткізіп, екі мемлекет басшыларының жүргізіп отырған сарабдал саясаты арқылы бүгін біз Түркістан қаласында кездесіп отырмыз. Қонақжайлық танытып отырған барша бауырлас қазақ еліне рахмет, достығымыз мәңгі болсын деді. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ә.Құртаев тағдыры бір, бағыт-бағдары бір, арман-мұраттары ортақ қазақ-өзбек елінің өзара достық, бауырластық байланысы бабалардан келе жатқан үрдіс екенін тілге алып, бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын деген жылы лебізін білдірді. ҚР өзбектерінің «Достық» қауымдастығы облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлын «Қоғам Белсендісі» төсбелгісімен марапаттады. Бауырлас елден келген қонақтарға сый-сыяпат көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.

Содан кейін мерекелік іс-шара қонақтардың өзбек этномәдени бірлестігінің қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдары және ақын- жазушылардың таңдаулы туындыларының көрмесін тамашалаумен жалғасса, жалпы қала қонақтары мен тұрғындары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына тағзым етіп жатты. Есім хан алаңындағы Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өзбек халқының тілі, мәдениеті және дәстүрлері күніне» арналған «Түркістан - түркі халықтарының рухани орталығы» атты мерекелік шараға ҚР Парламентінің депутаттары, Өзбекстан Республикасынан арнайы делегация өкілдері, облыс әкімі мен облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен журналистер, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Мерекелік шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті мерекемен құттықтап, Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 16 пайызын өзбек этносының өкілдері құрайтынын, облыс аумағында 14 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 130-дан астам мектепте өзбек тіліндегі оқу сыныптары бар екендігін тілге алды. Сонымен қатар облыстық өзбек драма театры мен бірқатар басылымдар жұмыс атқарып отырғанын атап өтті. Жиында ел бірлігін нығайтуға қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығының «Қоғам Белсендісі» төсбелгісімен марапаттады. Салтанатты шарада өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар және өзбекстандық эстрада жұлдыздары көпшілік қауымға концерттік бағдарламасын ұсынды.

Түстен кейін мерекелік іс-шара О.Жарылқапов атындағы орталық стадионда қазақстандық «Ордабасы» және өзбекстандық «Пахтакор» командаларының ардагер ойыншылары арасындағы жолдастық кездесумен жалғасты. Орталық стадионға түркістандықтар футбол жанкүйерлері көп жиналды. Тартысқа толы өткен ойын қонақтар пайдасына шешілді. Есеп 0:1. Футбол мерекесінде көпшілік бүгінгі жолдастық кездесудің өтуіне септігін тигізген ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп жатты.

Ынтымақ пен бірлікті нығайтуды, татулық пен тұрақтылықты сақтауды көздеген айтулы шара осылайша жоғары деңгейде аталып өтілді. Райымжан ӘЛІБАЕВ, «Түркістан».