Түркістандағы 40-қа жуық кафе жұмысын 23.00-де тоқтатады

0
1 624

Түркістанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына мойынсұнғысы келмейтін кәсіпкерлерге заң аясында шара көрілмек. Облыс орталығындағы дәмханалардың құжат заңдылығы, ішімдік сатылуына лицензиясының бар-жоғы тексеріліп, тұрғындарға кедергі келтірмеуі қарастырылып жатыр.


Түркістандағы 40-қа жуық кафе жұмысын 23.00-де тоқтатады

Түркістандағы ойын-сауық отауы болып саналатын 40-ақ жуық кафелер енді күнделікті түнгі сағат 23.00-де өз жұмысын тоқтатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл жөнінде қала әкімі Ә.Өсербаев жеке кәсіпкерлер мен учаскелік полициялардың қатысуымен өткен басқосуда мәлімдеді.

«Былтырғы жылдың қорытындысында қаламыздағы қоғамдық орындарда 451 қылмыс дерегі тіркелген. Оның ішінде, көшелерде 219 қылмыс жағдайлары түнгі мезгілде масаң күйдегі азаматтардың қатысуымен болғандығы анықталып отыр. Өзгенің тыныштығын бұзуға, кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан осы мәселені ретке келтіру керек. Мысалы, «Эдем» кафесінде ағаштан жасалған екі қабатты жаздық орын бар. Егер ол сыр беріп, адам шығынына әкелмесіне кім кепіл?», - деді Әліпбек Шәріпбекұлы.

Қала басшысы тиісті сала мамандарына шағын мейрамханалардың құжаттарының заңдылығын тексеруді қатаң тапсырды. Сонымен бірге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына мойынсұнғысы келмейтін кәсіпкерлерге заң аясында шара көрілетіндігін атап өтті. Мәжілісте аталған қоғамдық мәселе төңірегінде қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Г.Даханова жақын күндері жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларымен бірлескен іс-шара өткізілетіндігі жоспарланып отырғандығын айтты. Ал, жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Б.Янкин ресторандардағы спирттік ішімдіктердің лицензиясының бар-жоғын, кәмелеттік жасқа толмағандарға сатылмауын қадағалау бойынша тексеру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.