​Түркістандағы көпқабатты тұрғын үйлер көгілдір отынмен қамтылатын болды

0
1 195

Қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мекемесінің инженері Е.Төлебаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындармен жүздесіп, жуық арада газ берілетіндігіне сендірді.


​Түркістандағы көпқабатты тұрғын үйлер көгілдір отынмен  қамтылатын болды

ERNUR.KZ. «Самал» мөлтек ауданының тұрғындары көгілдір отын шарапатын көре алмай отырғандарына наразы. Тарқатып айтсақ, №27, №30, №33, №46 көп қабатты үйлер тұрғындарының пәтерлеріне газ құбыры жүргізілгенімен әлі күнге дейін газ берілмей (тіпті бірнеше ай берілгенде) отыр. Ал, газ балондарын қолдануға қауіпсіздік саласының мамандары тағы тиым салған. Қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мекемесінің инженері Е.Төлебаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындармен жүздесіп, жуық арада газ берілетіндігіне сендірді.

Яғни, бір-екі апта көлемінде кезек бойынша тұрғындар көгілдір отын тұтынуға мүмкіндік алатын болады. №33 көп қабатты үйдің тұрғыны Анарбек Шырынбековтың айтуынша биыл мамыр айының ортасында газ беріліп, енді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мекемесі тарапынан құжаттама дұрыс емес, тұрғындар газды қостыру ақысын толық төлемеген деген желеумен газдың берілуі тоқтатылған. «Ас- ауқатты жұбайым электрлі пеш пен электрлі шәйнекпен дайындайды. Соның әсерінен ай сайынғы электр қуатының ақысына бұрындары 3 000 теңге төлеп келсек, енді 9 000 теңге шамасында төлеп отырмыз»- деді ол өз сөзінде.

Аталған көп қабатты тұрғын үйлерге газ құбырларын жүргізу мен газды қосу ақысын төлеу, құжаттарын рәсімдеуге «Орион-Р» ЖШС мердігер компаниясы жауапты болған. Компанияның мастері Әбдіқұл Амиров сұхбат барысында мынадай уәж айтады: - компаниямыз газ құбырларын тоғыз ай бойы жүргізді. Ендігі кезекте 65 000 теңге газға қосу ақысы берілсе болғаны,
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мекемесі газ беруге әзір. Тек бұл іске кейбір пәтер тұрғындары немқұрайлы қарайды. Енді бірі пәтерлерде пәтершілердің (квартирант) тұруы, пәтер иесі болмаған соң уақытша баспанада күнелтіп отырғандар бұл іске бастарын қатырғысы келмейтіні тағы бар. Барлық пәтер дайын болмай газ беруге мүмкіндік жоқ.
Жөн-ақ, екі тараптың да айтқаны өз алдына дұрыста болар. Өзекті мәселе айтылды, талқыланды, келісілді. Нәтижесі жоғарыда айтылғандай жақын күндері шешімін табады деген сенімдеміз. Айта кетейік, қазіргі таңда №10 А, №12 А, №14 А сынды бірнеше көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары техникалық шартқа сай, сонымен бірге құжаттандырылуы дұрыс болып, газ плиталарына табиғи газ қолданып отыр.