Түркістанды көгалдандыру қарқынды жүргізіліп жатыр

0
1 085

Шілденің соңына дейін 100 мың шаршы метрден аса аумақ көгалдандырылады.


Түркістанды көгалдандыру қарқынды жүргізіліп жатыр

Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы жұмыстарды тексерді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының орталығындағы экологиялық жағдайды жақсарту бүгінде басты жоспарлардың біріне айналған. Осыған орай облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қарқынды жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексеріп қайтты.

Жалпы, Түркістан қаласында көшелер мен демалыс орындарын көбейтіп, көгалдандыру жұмыстары барынша жылдам жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қалада 32 сектор бойынша көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал аудан, қала және басқарма басшыларының бақылауымен қала аумағында 250 мың ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылған еді. Оның ішінде тұт ағашы, писсар өрігі, терек, арша, линден ағашы, қарағай, катальпа, талшын ағаштары бар.

Сондай-ақ, 157 862,38 шаршы метр газон төселіп, 187,867 шақырым суару жүйесі орнатылса, қала бойынша 65 ұңғымалар қазылып, аллеялар мен скверлер қолданысқа берілді. М.Пошанов, Байтанаев, Р.Сейтметов демалыс орындары және «Жеңіс» саябағы қайтадан жаңартудан өтіп, жаңа көрікке ие болды.

Одан бөлек «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша 97,9 га аумаққа 42068 дана ағаш егіліп, «Қашқари» демалыс орнында 200 түрлі ағаштар мен бұталы гүлді өсімдіктер отырғызылған. Қазіргі кезде Түркістан қаласының 19 көшесінде көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары іске асырылуда.

Сонымен бірге, Әль-Фараби мен Қазыбек би, Н.Төреқұлов көшесінде саябақ пен скверлер орнатылып, алдағы уақытта қолданысқа беріледі. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 111950 шаршы метр аумақ шілде айының соңына дейін көгалданатын болады.