Түркістандық азаматтар «Жомарт жүрек» байқауында жеңімпаз атанды

0
848

Олар көптеген адамға көмек көрсеткен.


Түркістандық азаматтар «Жомарт жүрек» байқауында жеңімпаз атанды

Меценаттар мен филантроптарға арналған дәстүрлі «Жомарт жүрек» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қайырымдылық саласындағы елеулі үлесі үшін меценаттар мен филантроптарға арналған дәстүрлі «Жомарт жүрек» байқауының ұйымдасатырған болатын. Үздіктер онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Елдің шынайы жанашыр әрі жомарт жандары анықталған байқауда Түркістан өңірінің өкілдері 4 номинация бойынша жеңімпаз атанды.


Атап өтсек, «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Сұлтанқұлов Мұратғали Әбдірахманұлы жеңімпаз болып танылды. Ол – Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы «Алатау» шаңғы базасы ЖШС директоры. Жомарт жан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 60 млн. теңгеге демеушілік жасап, тұрғын үймен қамтамасыз етті. Атап айтсақ, Төлеби ауданы, Аққұм ауылдық округінде қарауында мүгедек баласы бар көпбалалы анаға құны 8 млн. теңгелік баспананы сыйға тартты. Леңгір қаласындағы көпбалалы жалғызбасты ананы 4 млн. теңгелік пәтермен қамтамасыз етті. Қазіргі таңға дейін балаларға азық түлікпен, киім-кешекпен қамқорлық көрсетіп келеді.


Сонымен қатар, ол биыл Төлеби ауданындағы көпбалалы анаға құны 15 млн. теңге болатын баспананы алып берді. Отаншыл меценат Төлеби ауданы, Нысанбек ауылына су қоймасын және Төлеби ауданындағы Қайнар мен Нысанбек ауылдарына балалар алаңшасын салуды жоспарлап отыр.


Ал, «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясы бойынша жеңімпазы Рүстембек Алишер Мұратұлы жеңімпаз болды. Ол Түркістан облысы, Арыс қаласындағы "MEGA-AGAT" ЖШС директоры. Қайырымдылық акциясы аясында жыл сайын Арыс қаласында 400-ге жуық аз қамтылған отбасыны 8 млн. теңге көлемінде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Спортшыларға қаржылай қолдау көрсетіп тұрады. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырма бойынша бұқаралық спортты дамыту үшін де қаражат салды. Ұлттық спортты қолдады. 48 млн. теңге сомасына 3 отбасына пәтер сыйға тартты. Арыс қаласы аумағында 100 адамға жұмыс орнын ашты.


Одан бөлек, «Жыл тұлғасы» номинациясында Арыс қаласының жеке кәсіпкері Сәрсенбеков Жақсыбек Абдетұлы топ жарды. Жанашыр азамат пандемияға байланысты жұқпалы ауруханада орналасқан обсерваториядағы 10 медицина қызметкерлерін бір ай 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Оған қоса карантин кезінде короновирус диагнозымен емделіп жатқан науқастарға 3 ай бойы және қала мен Монтайтас елді мекеніндегі 12 блокпосттағы қызметкерлерге үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырып, жеткізіп отырды. Рамазан айында көмекке аса мұқтаж деген 70 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Арыстық көпбалалы аналарының ұсынысын негізге ала отырып, 5 отбасына ай сайын азық-түлікпен көмек берді. Карантин кезінде ауруханаға 750 оттегі балонын, 2000 дана «Дексаметазон» дәрісін жеткізіп берген.


Сондай-ақ, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша Түркістан облысы, Созақ ауданындағы «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» ЖШС жеңімпаз болды. «Katco» компаниясы 1996 жылы құрылған. Қазіргі таңға дейін Созақ ауданында және Түркістан облысында жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге болатын әлеуметтік жобаларды іске асырды.


Атап айтқанда, Шолаққорған ауылында 300 орындық жалпы білім беретін мектеп құрылысын, Тасты ауылында 60 орындық балабақша құрылысын ұйымдастырды. Мүгедектер қоғамына тігін цехын ашып берді. Созақ ауданының оннан астам елді мекені мен Түркістан қаласына жалпы құны 280 миллион теңгеге спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңшасынан тұратын 12 кешенді тарту етті.


Одан бөлек, Пандемиямен күрес кезінде «Katco» БК» ЖШС «Біргеміз» қорына 50 миллион теңге аударып, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ауруханаларына жалпы құны 91 миллион теңгеге 6 ИВЛ аппаратын сатып әперген. Облыстың жаңа орталығы Түркістан қаласын көркейту-көгалдандыру мақсатындағы жобаларға 38 миллион теңге көлемінде қаржылық демеу көрсетті. Биыл Түркістан облыстық Жедел жәрдем станциясының құрылысын бастады. Сонымен қатар «Katco» БК» ЖШС Созақ ауданында жыл сайын аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдарға 150 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмектер көрсетіп келеді.