Түркістандық азаматтың көлігін айдап кетіп, өртеп жіберген

0
704

Алдымен жарамды бөлшектерін сатып жіберген.


Түркістандық азаматтың көлігін айдап кетіп, өртеп жіберген

Түркістан полицейлері тұрғынның көлігін заңсыз айдап кетіп, өртеп жіберген 2 күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз азамат үйінің ауласында тұрған «Ваз-2106» маркалы автокөлігін заңсыз айдап кеткені бойынша шағымданған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 800 000 теңгені құраған.


Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастайды. Нәтижесінде, арада небары 2 күн өткенде полицейлер жәбірленушінің көлігін заңсыз иемденіп кеткен азаматтарды анықтады.


Осылайша отырарлық сақшылар күдікті ретінде бұрын сотты болған Түркістан қаласының екі жас тұрғынын құрықтады. Олар бірден ПБ-ға жеткізіліп, қазіргі таңда күдікті азаматтар қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.


Белгілі болғандай, күдіктілер аталған қылмысты жасамас бұрын өзара ақылдасып, арнайы жоспар құрған. Содан соң оңай жолмен ақша табуды көздеп, Отырар ауданына қарай бет алған. Олар күннің батқанын күтіп, жәбірленушінің ауласында тұрған автокөлікті байқатпастан ұрлап кеткен. Қолды болған көлікті Түркістан қаласына дейін айдап келіп, жарамды бөлшектерін сатып жіберген де, қалғанын өртеген.