Түркістандық «Барыс» клубы жеңімпаз атанды

0
672

«Егемен елдің ертеңі – жас сарбаз» атты жас патриоттардың бірінші форумы өтті.


Түркістандық «Барыс» клубы жеңімпаз атанды

Түркістан облысының «Барыс» клубы республикада жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы күштердің ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Егемен елдің ертеңі – жас сарбаз» атты жас патриоттардың бірінші форумы өтті. Жиында «Айбын-2021» VIІ республикалық әскери-патриоттық сайысының үздіктері марапатталды. Бұл іс-шараға еліміздің барлық өңірінің өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік алды.


2021 жылдың 6 қазанында басталған «Айбын-2021» жиынының бағдарламасына «Айбын дарыны», «Айбын жұлдызы», «Мейірімділік біріктіреді», «Smart Sarbaz-2021» зияткерлік және шығармашылық байқаулары, сондай-ақ әскери-қолданбалы спорт түрлері және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жарыстар енгізілген. Биыл жас журналистерге арналған «Жас сарбаз - Жас тілші» атты жаңа байқау қосылды. Командалар тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан өз бақтарын сынады. Аталған жарыстар мен байқауларда Түркістан облысы, Арыс қаласының «Барыс» әскери-патриоттық клубы бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар «Үздік жас сарбаз» номинациясын Түркістан облысының «Төлеби тарландары» әскери-патриоттық клубының өкілі Сәуле Ахметова жеңіп алды.


Сонымен қатар, 2021 жылдың жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру қызметінде атқарылған жұмыстар қорытындысына сәйкес ауыспалы «Патриоттар мекені» кубогы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа табысталды. Сондай-ақ, іс-шараға Арыс қаласының патриот өрендері де бейнебайланыс арқылы қатысты. Қала әкімі Г.Құрманбекова жас отаншыл сайыпқырандарды арнайы құттықтап, жеңістерін жоғары бағалады.