Түркістандық депутат пен қызметкерін көлікпен 3 рет қаққан – жергілікті әкімдік ресми түсінік берді

0
687

Қазіргі таңда МКК қызметкері Т.Жусупбаевқа Мырзакент орталық ауруханасының хирургия бөлімінде ота жасалуда.


Түркістандық депутат пен қызметкерін көлікпен 3 рет қаққан – жергілікті әкімдік ресми түсінік берді

Мақтааралдық тұрғынның депутат пен мекеме қызметкерін көлікпен қағып кеткен оқиғасына қатысты жергілікті әкімдік түсінік берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Осыған дейін мақтааралдық тұрғынның депутат пен халық қалаулысы басқаратын мекеме қызметкерін көлікпен қағып кеткенін хабарлаған едік. Аталған оқиғаға қатысты Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.


«Мырзакент қызмет» МКК – аудан орталығы Мырзакент кентіндегі орталық алаңды көгалдандырумен және абаттандырумен айналысып, тазалығына жауап береді. Бұған дейін тұрғындар тарапынан орталық алаңның гүлзарында ЛЭД экранның, скамейкалардың сынуы және жаңадан егілген көшеттердің, гүлдердің, фонтандардың бүлінуі орын алған. Осыған байланысты МКК тарапынан арнайы күзетшілер қойылып, тәртіпті қадағалау мақсатында жиі рейдтер ұйымдастырылады. 13 мамыр күні сағат 20:00 шамасында рейд жүргізу барысында азамат Абай Достаев отбасы мүшелерімен бірге орталық алаңда доп ойнап жүргені және доп ұшып барып жаңадан егілген гүл көшеттерін бүлдіріп жатқаны анықталды. МКК қызметкері, алаң қарауылы Талғат Дәкенов аталған азаматқа бірнеше рет ескерту жасағанына қарамастан, әрекеттерін жалғастыра береді» - делінген әкімдік ақпаратында.


Ресми мәлімдемеге сүйенсек, осы аралықта "Мырзакент қызмет" МКК директоры әрі аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбеков және "Мырзакент қызмет" МКК-ның тағы бір қызметкері Тахир Жусупбаев оқиға орнына келіп, азамат Абай Достаевқа түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда, түсіндіру барысында Абай Достаев тарапынан МКК қызметкерлеріне балағат сөздер айтылып, жанжал орын алған.


«Видеода МКК директоры әрі аудандық мәслихаттың депутаты Т.Адамбеков (ақ түсті жидедегі азамат) қос тарапты ажыратуға тырысады. Осы аралықта Т.Жусупбаев (көк түсті жидедегі азамат) А.Достаевқа соққы жұмсап үлгереді. Ашуға берілген А.Достаев рұқсат етілмеген орталық алаңға кіріп, қасақана түрде МКК қызметкерлерін 3 рет көлігімен соғады. Қазіргі таңда МКК қызметкері Т.Жусупбаевқа Мырзакент орталық ауруханасының хирургия бөлімінде ота жасалуда» - деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.


Айта кетсек, аталған факті Мақтаарал аудандық полиция бөлімі тарапынан тіркеуге алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.