Түркістандық кәсіпкер спорттық аяқкиім өндіріп жатыр

0
2 610

Кәсіпорын бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады.


Түркістандық кәсіпкер спорттық аяқкиім өндіріп жатыр

Түркістан облысы Жетісай ауданы Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде спорттық аяқ киім шығаратын шағын цех жұмыс істейді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталмыш цех 25 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл кәсіпорын тәулігіне 1500 жұп аяқ киім шығаруға қабілетті. Жеке кәсіпкер Сәкен Шораев шығаратын спорттық аяқ киімдер жергілікті базарлар мен көршілес аудандардың сұранысын қанағаттындырып отыр.

Аталмыш кәсіпорынның жұмысымен, күнделікті тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері тарапынан арнайы шара ұйымдастырылды. Негізінен аудандағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы кәсіпкерлік саласына қызығушылық танытатын студенттер мен өз ісін енді бастаған жас бизнес өкілдері шақырылған шарада кәсіпорын иесі жұмыстың барысымен толықтай таныстырды. Жастардың сұрақтарына жауап беріп, кәсібін қалай, неден бастағанын айтты. Алдағы жоспарларымен бөлісті.

Шағын ғана кәіпорыннан шыққан аяқ-киімдердің бағасы бүгінде 2000 теңгенің көлемінде. Негізгі шикізатты Қытайдан алдыратын кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Өзіміздің отандық өнімдерімізді болашақта брендке айналдырсақ, шағын кәсіпорынымыздың ауқымын кеңейтіп, қуаттылығын екі есеге арттыру ойда бар. Ойымыз жүзеге асып жатса, тағыда қосымша жұмысшыларды қабылдап, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартсақ. Жетісайдан шыққан спорттық аяқ-киімдерді алыс-жақын шет елдерге экспорттасақ деп отырмыз», - дейді Сәкен Шораев.

Үш жылдан бері тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқан аталмыш кәсіпорын бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады. Кәсіпорынды аяққа тұрғызу үшін 1 миллион долларға жуық жеке инвестиция салған кәсіпкер 25 – 45 размерлі аяқ киімдерді шығаруда. Алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, ішкі рынокты халықтың сұранысына орай сапасы жоғары, бағасы төмен тауарлармен толықтай қамтамасыз етуді ниет етіп отырған Сәкен Шораевқа ризашылығын білдірген орталық қызметкерлері істеріне табыс тілеп тарқасты.