Түркістандық көпбалалы отбасы жерлестерін жұмыспен қамтып отыр

0
1 180

Отбасы қазіргі таңда көпбалалы ана ретінде аталып отыр және білім саласына қосып отырған үлесі көп.


Түркістандық көпбалалы отбасы жерлестерін жұмыспен қамтып отыр

ERNUR.KZ. Түркістандық көпбалалы отбасы шаһардағы білім саласының дамуына өз үлесін қосуда, деп жазады Хабар 24.

Бекалиевтердің жанұясы жекеменшік колледж бен балабақша ашып, қазір 60-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді бөбекжайдың жанынан мектеп салсақ деген жоспарлары бар.

Бақдәулет Бекалиевтің жекеменшік колледж ашып, жұмыс істеп жатқанына 13 жыл болыпты. Заң ғылымдарының кандидаты бар білгенін шәкірттеріне үйретуден жалыққан емес. Бүгінде гуманитарлық бағытта білім беретін оқу орында 225 бала, 7 мамандық бойынша оқып жатыр. «Мұның барлығына еңбек пен білімнің және мемлекет ұсынған мүмкіндіктердің арқасында қол жеткіздік», – дейді істің жайын білетін жігіт ағасы. Бақдәулет Бекалиев, колледж директоры:

– Білімімізге байланысты Үкімет тарапынан берілген Елбасымыздың жаңа бағдарламаларын қолдана отырып, өз жұмысымызды бастадық. Соның арқасында мекемелер, жұмыс орындарын ашып, 60-тан астам азаматқа жұмыс беріп, айлық төлеп, жұмысымызды жаңа белеске көтеру мүмкіндіктерін қолданып жатырмыз. Қазіргі кезде ешқандай мұқтаждығымыз жоқ. Зайыбы Шолпан Бекалиева да білім саласында еңбек етеді. Жолдасы екеуі ақылдаса келе, балабақша ашуды қолға алған. Көпбалалы ана өз балаларын балабақшаға бере алмай, берсе де, жұмыс арасында жүгіріп барып, үйіне отырғызып кетіп, көңілі алаң кездері көп болғанын айтады. Сондықтан балабақша ашуды жоспарлап, балғындарды таситын көліктермен қамтуды да ұмытпаған.

Шолпан Бекалиева, балабақша меңгерушісі:

– Өзіміз жұмыс істеген кезде балабақша болмаған уақытта әр баланы мектепке, бақшаға тасып қиналғанымыз бар. Біріншіден бала-шағамызға, одан кейін тұрғындарға қызмет етуге ашып отырмыз. Заманауи талаптарға сай, 48 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 255 тәрбиеленушіміз бар.

Бекалиевтердің отбасында екі қыз, үш ұл өсіп келеді. Үлкені Жанель мектепті үздік бітірген. Қазір Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң заң факультетінде оқиды. Екінші ұлы Жаһангер де дарынды балалардың қатарында. Жақында ғана Астанада өткен республикалық олимпиададан жүлдегер боп оралды. Заман талабы мен балалардың қалауын жақсы түсінетін ата-ана ұрпағының жан-жақты болып қалыптасуына барынша қолдау көрсетіп отыр.

Шоқан Көленов, қалалық білім бөлімінің бас маманы:

– Бұл отбасы қазіргі таңда көпбалалы ана ретінде аталып отыр. Бұл кісілердің білім саласына қосып отырған үлесі көп. Жеке колледж, балабақша ашып, қазіргі таңда адамдарға жұмыс беріп, қаржылай көмек беріп отыр.

Көпбалалы отбасының ендігі арманы – балабақшаның жанынан мектеп ашу. Жұмыс істеймін деген адамға мемлекеттің ұсынған барлық мүмкіндігін пайдаланып, жаңа жұмыс орындарын құру. «Саналы ұрпақ тәрбиелеп, елдің дамуына өз үлесімізді қоссақ», – дейді іскер отбасы.