​Түркістандық науқасқа Кореяда күрделі ота жасалды

0
1 162

«СунЧонХян» клиниканың мықты пластикалық хирургтарының бірі, профессор Нам Сынг Мин жасады.


​Түркістандық науқасқа Кореяда күрделі ота жасалды

Түркістан қаласының тұрғыны Ақнұр Сапарбайға Корея елінің белгілі клиникасында күрделі ота тегін жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қайырымдылық шарасы Пучон қаласында орналасқан «СунЧонХян» (SCH Soon Chun Hyang University Bucheon Hospital) клиникасының басшылығы мен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асты. Жиырма төрт жастағы отандасымыз қоян-жырық қасқыр таңдай диагнозының ауыр түрімен туған. Оған сәби кезінен бастап Қазақстанда бірнеше рет ота жасалынған.

Қайырымдылық шарасы аясында түркістандық науқасқа ауыр операцияны «СунЧонХян» клиниканың мықты пластикалық хирургтарының бірі, профессор Нам Сынг Мин жасады. Науқастың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды кореялық тарап толығымен өз мойнына алған.

Дәрігерлердің таңдауы Ақнұрға түскені жай емес. Ол - көпбалалы отбасының тұңғышы. Үшінші топ мүгедегі. Осыдан бір ай бұрын анасы дүниеден озды. Онсыз да бет келбетінің кемістігімен тауқымет кешкен науқасқа бұл үлкен демеу болып отыр.

«Бар арманым - құрбыларым секілді анық сөйлеп, еркін тыныс алу еді. Дұрыс тамақтана алмай да қиналмын. Корея еліне келіп үмітімнің ақталғанына қуаныштымын. Маған қолдау көрсетіп осында жолдаған жергілікті дәрігерлерге және ота жасаған профессорға шексіз алғысымды білдіремін. Тек осыдан бір ай бұрын қайтыс болған анамның осы қуанышымды көре алмағаны жаныма батады», - дейді Ақнұр Сапарбай.

Ота төрт сағатқа созылды. Профессор Нам Сынг Мин отаның сәтті өткенін айтады. Алда әлі біраз уақыт күтім керек. Көп жылғы арман - үміттің ақталған қуаныш сезімі Түркістан тумасының жүрегінде.

«Медицина қарқынды дамыған заманда мұндай жағдайға түскен адамды күйзеліске ұшыратпай, қол ұшын созу игі іс», - дейді кореялық дәрігер.

Мәліметке сүйенсек, Түркістан облыстық балалар ауруханасында жыл басынан бері дәл осындай кемістіктермен 143 балаға ота жасалынған. Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасымен ынтымақтастығын дәлелдеп, Ақнұрға қайырымдылық көрсеткен Сунчонхян клиникасы - мәртебесі жоғары ірі медициналық мекемелердің бірі.