Түркістандық полицейлер қаза болған әріптестерін еске алды

0
422

Террористердің шабуылына тойтарыс беру кезінде 16 қызметкері қаза тапты.


Түркістандық полицейлер қаза болған әріптестерін еске алды

Түркістан облысының полицейлері қызмет бабында қайтыс болған қызметтестерін еске алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты 2022 жылдың 10 қаңтарын Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау жөнінде шешім қабылдаған болатын. Осы орайда еліміздегі мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Бір өкініштісі ел тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен террористердің шабуылына тойтарыс беру кезінде 16 полиция қызметкері, әскерилер, Ұлттық ұланның және арнайы органдардың қызметкерлері қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапты.


Қайғылы жағдайға байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ел тыныштығы жолында құрбан болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.


«Елімізде орын алған террорлық шабуыл, арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетті. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қылмысқа қарсы күресте үнемі алдыңғы қатарда жүрген, өз өмірін жиі қауіп-қатерге тігетін полицейлердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі өлшеусіз. Қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан әріптестерімізді еске алу және құрметтеу – біздің міндетіміз. Сондай-ақ біз ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыскерлерді іздестіруге және ұстауға, олардың Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыстары үшін тиісті жазаға тартылуы үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Осы бағытта қызмет атқарамыз», – деді еске алу шарасында ТО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағлан Халықов.