Түркістандық полицейлер жоғалған жасөспірімді Алматыда қыдырып жүрген жерінен тапты

0
893

Полиция ұялы телефон арқылы жоғалған жасөспірімнің жүрген жерін білуге күш салған.


Түркістандық полицейлер жоғалған жасөспірімді Алматыда қыдырып жүрген жерінен тапты

Түркістан облысы полицейлері кәмелет жасына толмаған жасөспірімді Алматы қаласынан қыдырып жүрген жерінен тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал АПБ-не жергілікті тұрғын, әйел арызданады. Ол өз арызында кәмелет жасына толмаған 17 жасар ұлы нағашыларының ауылына кетіп, 14.02.2020 жылы сағат 12:00-лер шамасында туысының үйінен шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізген.

Аталған жайт Мақтаарал аудандық полиция бөліміне тіркелді. Аудандық тәртіп сақшылары «бала жоғалды» деп хабар алысымен оны табу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден сұрастырып, жасөспірімнің баратын жерлері, болуы мүмкін орындарын мұқият тексерді. Ұялы телефон арқылы жоғалған жасөспірімнің жүрген жерін білуге күш салды.

Нәтижесінде 17 жасар жасөспірім 19.02.2020 жылы Алматы қаласында жүргені анықталып, Мақтаарал АПБ КПБ жедел уәкілі Аят Көшербай тез арада жолға шығып, баланы табу жұмыстарына білек сыбана кірісті. Осылайша, жасөспірім Алматы қаласынан табылып, дін-аман әкесінің қолына тапсырылды.

Тергеу барысында жасөспірім бірнеше ай алдын нағашысының ауылында жұмыс істеп, ақпан айының 14-і күні айлығын алуға барғаны анықталды. Содан қолына ақшасын алған кәмелет жасына толмаған жасөспірім, Шымкент қаласына жол тартып, сонда 2 күн, одан ары Алматы қаласына барып, онда 3 күн қыдырып, жалдамалы пәтерлерде қонып жүргені белгілі болды.