​Түркістандық саяхатшылар «Шақпақ әулиеде» болып қайтты

0
3 722

Аңыздарда «Шақпақ әулие» ұзын бойлы, өте жылдам жүретін, желаяқ кісі болған деседі.


​Түркістандық саяхатшылар «Шақпақ әулиеде» болып қайтты

Бәйдібек аудандық «Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне» қарасты «Тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану орталығы» мекемесі Шақпақ елді мекенінде жоспарлы іс-шарада болып қайтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шақпақ ауылындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп оқушыларымен «Рухани жаңғыру» бағыты аясында және Шақпақ әулие туралы тарихи деректер жинау аталған мекеме қызметкерлерінің басты мақсаты болып отыр.

Аталған іс-шарада тарих және география пәні мұғалімі Айдос Сүгіров пен педагог-зейнеткер, ұзақ жылдар «Шақпақ әулиеге» қараушы (шырақшы) болып келген Ауданбек Айхожаев әулие жайлы әңгіме өрбітті.

Аңыздарда «Шақпақ әулие» ұзын бойлы, өте жылдам жүретін, желаяқ кісі болған деседі. Қазіргі Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы «Шақпақ әулиемен» байланысты көрінеді. Осы екі аралықта «Шақпақ әулие» жүріп отырған деген болжам бар.

Жуалы ауданындағы «Шақпақ ата әулие үңгірі» ауылдың оңтүстік-батысында орналасқан. Үңгір тауды тесіп салған тоннельге ұқсайды. Ол ары қарай ұзаған сайын конус тәрізді жіңішкере береді. Жергілікті халық ежелден мұны «Шақпақ тастың киесі» деп атайды. 200 метрдей жерде бүйірінен бүлкілдей қайнап шығатын бастау бар. Халық оны «Әулие бастауы» деп суын емге пайдаланады.

Ал біздегі Шақпақ ауылындағы әулиенің маңында да бұлақ көздері бар. Олар «Аталық» және «Аналық» деп аталады. Бұлақ суын емге, шипаға пайдаланады. «Шақпақ әулие» жайында айтылатын аңыз-әңгімелерді көбірек білетін көнекөз Аят апаның айтуынша, 1940 жылдарға дейін үңгір үстінде қола мүсін тұрғанға ұқсайды. Үңгір іші 6-7 метрлік қуыс болған екен. Үңгір қуысында Шақпақ бабаның құлпы тасы болған. Кейін үңгір ішіндегі кітапхананы белгісіз бір ұлт өкілдері түйеге артып, алып кеткен. Демек, Шақпақ бабаның кітапханасы болғаны анық. Тарихта үңгірлерді, қылеуеттерді сопылар, диуаналар тұрақ еткені белгілі. Үңгірден діни кітаптардың ұрланғанына қарағанда, әулиенің сопылық жолды ұстанғаны байқалады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында өзге ұлт өкілдері арнайы әскери техникасымен келіп, үңгірді қопарып ашқанда ішінен бойы 3 метр, шашы ұзын адамның сүйегі табылған. Жанында қылыш, Құран кітап болған дейді. Олар үңгір ішін тонап, қола мүсінді артып әкеткен екен. Ол кезде ешкім қарсылық көрсете алмаған және олардың кім екенін де біле алмаған. Сол жылдары үңгірді көзбен көрген қариялар, үңгір іші кірпішпен қаланғаны жайында айтады.

Ия, бар құндылығы қолды болған Шақпақ әулие орыны бұл күндері тарихын тереңде бүгіп жатыр. Шақпақ бабаның қасиеттері туралы мынадай аңыз-әңгімелер де айтылады. Шақпақ әулие жаугершілік кездерде биік төбеге шығып қолынан от шығарып, дауыл тұрғызып, үрейлендіреді екен.

Шақпақ атамен, Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Шақпақ атауының байланысы бар. Бір ғана Жуалы өңірінде «Шақпақ асуы», «Шақпақ теміржол бекеті», «Шақпақ ата» ауылы, «Шақпақ ата әулие үңгірі», «Шақпақ желі» деген атаулар бар. Бұл бір жағы осы өңірде шақпақ тастың мол қоры болуымен байланыстырады. Бұл тастардың қазіргі ғылыми атауы - кремний. Сонымен бірге Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Таушық ауылынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Шақпақ ата жер асты мешіті» бар.

«Қазақ топырағында өз ерлігімен, білімдарлық, діндарлық, әулиелік қасиеттерімен танылған қаншама тұлғалар тарих бедерінен хабарсыз кетті. Кешегі антиислам, пантүркизм науқандарында қаншама құнды жазбалар өртеліп, нешеме киелі орындар қиратылды. Өткен ғасырда атадан балаға мирас болып келе жатқан шежіре тарқату, аңыз-әфсаналар әңгімелеу, әулиелерді дәріптеу үрдістері тоқтап қалып, қаншама құндылықтарымыздан айырды.

Рухани жаңғыру - рухымыздың жаңғыруы деп білсек, өлкеміздің тарихын жадымызға тоқи жүрейік», - дейді осынау деректерді қағаз бетіне түсіріп, тарих бетінде қалуы үшін әрекет етіп жүрген Түркістан облысы, Бәйдібек аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану орталығының саяхаттаушысы. А.Мәуленов.