Түркістандық тұрғын өзі өсірген африкалық құстарды табиғатқа жіберді

0
999

Алдағы уақытта тағы бірнеше сирек кездесетін құс өсіріп, Сырдария өзенінің бойына жібермек.


Түркістандық тұрғын өзі өсірген африкалық құстарды табиғатқа жіберді

Түркістан тұрғыны үйінде өсірген африкалық құстарды жабайы табиғатқа жіберді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Мысыр тауығы» аталып кеткен африкалық құс Қаратау аумағындағы жабайы табиғатқа жіберілді.


Сауран ауданына қарасты Абай ауылының азаматтары биыл Қаратау тауының аумағына ерекше күтім жасауды жоспарлап отыр. Басты мақсат - табиғатқа қамқорлық таныту, жабайы табиғаттағы сирек құстардың санын арттыру.


Содан тұрғындар жиналып Қаратау орманшылығы мекемесінің басшылығына ұсыныстарын жеткізген. Табиғат жанашырларының игі бастамасы орманшылар тарапынан да бірден қолдау тапты.


Нәтижесінде Қаратау жотасының Түркістан облысындағы аумағына «Мысыр тауығы» аталып кеткен 25 цесарка жіберілді. Бұл игі іске Сауран ауданына қарасты Абай ауылының тұрғыны Нұрлан Ерескенов ұйытқы болды.


«Цесарка құсын өсіріп келе жатқаныма 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында құстың санын 60 данаға дейін көбейттім. Өсіру қиын болды. Ұшып кете береді. Сондықтан арнайы торда ұстадым. Қанаттарын қырқып тастаған кездерім де болды. Себебі, бұл құстың қанаты тез өсіп шығады. Негізінен жүгері, бидай секілді үйдегі бар жемшөппен қоректене береді», - дейді ол.


Жалпы, Нұрлан Ерескенов құс өсіруді хоббиіне айналдырған. Қазір үйінде қалған цесаркаларды көбейтіп жатыр. Алдағы уақытта тағы бірнеше сирек кездесетін құс өсіріп, Сырдария өзенінің бойына жібермек.


Ал, Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау мемлекеттік мекемесіне қарасты Қаратау орманшылығының орман басшысы Даулетхан Оразбақов цесаркалар жабайы табиғатқа тез бейімделіп кететінін жеткізді.


«Тауда құстарға арналған қорек жеткілікті. Қалың тоғайларда жиде, алмұрт, шие, долана сынды жабайы жеміс ағаштарының жемістері мен түрлі шөптердің дәні көп. Тұрғындардың үйінде өсірген құстарын дала табиғатына жіберуі бірінші рет кездесіп отыр. Біз, орманшылар, құстардың жағдайын үнемі қадағалап отырамыз», - дейді ол.