Түркістандықтар алғашқы болып астық оруды бастады

0
802

Шаруашылықтардың алды қазір егістіктің әр гектарынан 30-35 центнерге дейін өнім жинап жатыр екен.


Түркістандықтар алғашқы болып астық оруды бастады

Қазақстанда алғашқы бидай өнімі қоймаға жинала бастады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Келес ауданындағы «Ошақты» өндірістік кооперативі биылғы жылы 150 гектарға бидай өнімін егіп, маусымның ортасында-ақ астық оруды бастап кетті. Өндірілген өнімді Бірлік ауылындағы қоймаға жинап жатыр. Көктемдегі жауын-шашын мол болмағанына қарамастан бидай көп жерде бітік шыққан. Кооператив иесі Маханбет Қожағұлов бұл нәтижені Келес даласының топырағы құнарлы екенімен байланыстырып отыр. Шаруашылықта жер жырту, тұқым себу және жерді өңдеу секілді жұмыстар дер уақтылы істелген. Соның арқасында қазір қырманға мол астық тасылып жатыр. Агротехникалық талаптарды тиянақты атқарған ірі шаруашылықтардың алды қазір егістіктің әр гектарынан 30-35 центнерге дейін өнім жинап жатыр екен.

Атап айтсақ, «Ошақты» өндірістік кооперативі 1997 жылы құрылған. Құрамына егін шаруашылығынан басқа бала-бақша, мал бордақылау пункттері кіретін ірі кәсіпорында жергілікті 89 азамат тұрақты жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2020 жылы Келес аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын 24200 гектарға жеткізу немесе 2019 жылғы егіспен салыстырғанда 684 гектар артық орналастыру жоспарланған. Оның ішінде: астық – 2020 жылы 7920 га, 2019 жылмен салыстырғанда (854 га) артық егілу жоспарланса, бидай – 727 га, дәндік жүгері – 6430 га, ал бұршақты дақылдар – 763 га аумаққа егілген.