Түркістандықтар конкур спортынан Еуразия кубогінде үздік өнер көрсетті

0
424

Қазақстан құрамасы бас жүлдені иеленді.


Түркістандықтар конкур спортынан Еуразия кубогінде үздік өнер көрсетті

Алматы облысында спортынан Əлем Кубогінің Еуразия лигасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Алматы облысы Талғар ауданында конкур спортынан Əлем Кубогінің Еуразия лигасы өтті. Командалық жарыста Қазақстан құрамасы бас жүлдені иеленді. Ұлттық құрама сапында түркістандық өрендердің қатары көп болды.


Конкурдан əлемнің ең үздік спортшылары бас қосқан Еуразия лигасына Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің талантты шəкірті Шыңғыс Маликаждар Таймас атты сəйгүлігімен 125 сантиметр биіктіктегі кедергіден секіруде жекелей сында күміс жүлдені иеленді. Бұдан басқа қашықтықтарда түркістандық Ғани Аян мен Равиль Тұрсынов, сондай-ақ Шыңғыс Маликаждар бұл додадан алтын медаль иеленді. Өзінің бұл жетістігіне Шыңғыс Маликаждар ұзақ уақыт тыңғылықты дайындалғанын айтты. Бұл ретте Түркістан облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасының еңбегі айрықша.


Бұған қоса жуырда Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің ізбасарлары Ресейдің Мəскеу қаласында өткен конкурдан халықаралық жарыстан жүлделі оралды. Дүбірлі додада болашағы жарқын Шыңғыс Маликаждар қола жүлдегер атанды. Түркістандық конкуршы жарыстың екінші күнінде 130 сантиметр биіктікке қайта секіруден жүлдеге ие болды.


Соңғы кезде облысымызда жастар арасында əлемдік деңгейде қарқынды дамып келе жатқан конкур спортына қызығушылықтары артып келеді. Бұл туралы туған елге олжамен оралған спортшыларды қабылдап, оларға сый-құрмет көрсеткен жиында облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев айтып өтті.


Спорт мамандарының айтуынша, конкур спорты олимпиада ойындары мен халықаралық əлемдік жарыстарда жанкүйерлері көп əрі өнердің шыңын бағындыратын спорт түрі саналады. Қазір түркістандық бапкерлер мен спортшылар халықаралық тəжірибеге сай бұл спортты дамытуда жаңа бағдарламалармен жұмыс істеуде. Осылайша, сүйгүлікпен тамаша өнер көрсететін конкуршылар талай əлемдік аренада жеңістерге жетуді мақсат етеді.