Түркістанның тумасы 6500 отбасыға қамқорлық көрсетті

0
985

Қашан да алған қолдан, берген қол қайырлы.


Түркістанның тумасы 6500 отбасыға қамқорлық көрсетті

Жетісай ауданының тумасы, меценат-кәсіпкер анасының 40 күндік асында 6500 отбасыға қайырымдылық көрсетіп, азық-түлік таратты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал, оны жасау, қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу – адамның азаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық. Қашан да алған қолдан, берген қол қайырлы.

Қайырымдылық жасаудан қалыс қалмайтын Жетісайдың тумасы, меценат кәсіпкер Бахриддин Аблазимов өмірден өткен анасы Аблазимова Бибі-Жамал Әбдімәлікқызының 40 күндік асын республикалық деңгейде қайырымдылық жасаумен өткізді. Елдің барлық облыс орталықтары мен қала, аудандарындағы 21 мешіт арқылы аз қамтамасыз етілген, көпбалалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін 6500 отбасыға азық-түлік үлестірді.

Айта кетейік, көзі тірісінде шалғайдағы елдімекендерге өз қаржысынан газ құбырын жүргізіп, ондаған көшелерге асфальт төсетіп берген Бибі-Жамал Әбдімәлікқызы шаңырақ көтеруге жағдайы келмей жүрген 63 жігітті үйлендірген. Одан бөлек елдің түкпір-түкпірінен жалғызбасты аналар мен аз қамтамасыз етілген 67 отбасыға баспана кілтін табыстап, 80 адамды өз есебінен қажылыққа жіберген.

Арыс қаласында болған жарылыстан, Қызылағаш пен Мақтааралдағы су тасқынынан, Жамбыл облысындағы табиғи апаттан зардап шеккен отандастарына алғашқылардан болып қол созған меценат-ана биылғы індет дендеген сәтте де көптеген отбасыға өз есебінен тұрмысқа қажетті азық-түліктер мен гигиеналық тұтыну заттарынан көмек беріп келген.

“Бүкіл кемелдіктің өзегі – ізгілік” деп ұғатын арамызда жүрген жүрегі жомарт, көңілі көл азаматтардың жанашырлығы ел басына күн туғанда білінеді.

Қара басының қамынан аса алмайтын, қарыны тойса өзгенің мұң-мұқтажына селт етпейтін, сөйте тұра бедел жинағыштардың емес, керісінше, сын сағаты туғанда ұлағатты ұлан міндетін ұға білген, қараша халықтың қиналғанына енжарлық танытпай, ықыласты түрде ризығын бөлісе білген нағыз жомарт жандардың ауызбіршілігін, ынтымағын айқындайтын істе атсалыса білетін осындай жастардың бары көңілге қуаныш, жанға демеу.