Түркияда Түркістанның туристік әлеуеті таныстырылды

0
1 232

Халықаралық шараға Қазақстанның атынан Түркістан облысының делегациясы қатысты


Түркияда Түркістанның туристік әлеуеті таныстырылды

Түркияның Анталья қаласында «XIII Жібек жолы елдері қалаларының мэрлері» атты халықаралық форумы өткізілді. Жібек жолының бойында орналасқан мемлекеттердің туризм саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға әлемнің дамыған 30 елінен 200-ге жуық өкіл қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төрт күнге созылған жиында қатысушылар туризм саласының жаһандануын, экономикалық әріптестік пен мәдени тәжірибе алмасуды нығайту мәселелерін кеңінен талқылады. Халықаралық шараға Қазақстанның атынан Түркістан облысының делегациясы қатысты. Жұмысшы топты бастап барған тарихшы, ғалым Саттар Мәжитов бұл форум мемлекеттер арасындағы іскерлік байланысты орнатуда таптырмас алаң екенін айта келе, жиында көтерілген мәселелерді қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Анталья қаласының мэрі Мендерес Турель, көне қаланың туристік әлеуетіне қызығушылық танытып, форумға қатысқан Түркістан облысының өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, тарихи - мәдени мұраларға бай өңірді дамытуға Қазақстан ғана емес, күллі түркі әлемі ниетті екенін де жеткізді. Яғни, форумға қатысушылар өңіріміздің туристік әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта іскерлік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін білдірді.

Айта кетейік, Түркістан қаласына келетін шетелдік қонақтардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы 1 млн. 160 мың турист шахарға табан тіреген болса, биыл 8 айдың өзінде 900 мыңға жеткен.