World Bank Group: ТҮРКІСТАНДА Африкадағы күн сәулесінен алынатын энергияны өндіруге болады

0
3 764

Түркістан өңіріндегі күн сәулелерінің орташа инсоляциялық мәндері (кВт/м2) бірқатар Африка елдерімен ұқсас болып шықты, олар: Сенегал, Уганда, Буркина-Фасо және Эфиопия.


World Bank Group: ТҮРКІСТАНДА Африкадағы күн сәулесінен алынатын энергияны өндіруге болады

ERNUR.KZ. Түркістан облысының аудандарында орналасқан күн электр стансалары Африка құрлығындағы кейбір елдердегі күн сәулесінен алынатын энергияны өндіре алады.

Дүниежүзілік банк тобының (World Bank Group) күн ресурсының картасындағы мәліметтерге сүйенсек, Түркістан өңіріндегі күн сәулелерінің орташа инсоляциялық мәндері (кВт/м2) бірқатар Африка елдерімен ұқсас болып шықты, олар: Сенегал, Уганда, Буркина-Фасо және Эфиопия. Мысалға, Түркістан облысында орташа күн сәулесінің инсоляциясы 1600 кВтс/м2 жетеді. Сенегалда - 1607, Буркина-Фасо - 1607, Эфиопияда - 1607, ал Угандада бұл көрсеткіш 1534 және 1680 кВт/м2 арасында қалықтайды.
«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы – «TURKISTAN INVEST» компаниясының сарапшылары күн электр стансалары бойынша жобаларды бастау алдында бұл мәліметтерді есепке алады. Себебі, күн электр стансаларының құрылысы жоспарланған аумақтағы күн сәулесінің инсоляциялық көрсеткішінің жоғары болуы үлкен маңызға ие. Қазір «TURKISTAN INVEST» ұжымы өңірдің инвестициялық картасын әзірлеу үстінде. Онда ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану және де жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлеуетті жобаларды іске асыру үшін облыстың барлық аудандарының ерекшеліктері, артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы толық ақпарат болады. Бұл карта инвесторлар үшін сәтті жобаны жүзеге асыруға, тиімді жерлерді іздестіруге арналған нұсқаулық болып табылады.

Бүгінгі таңда «TURKISTAN INVEST» Түркістан облысында 4 ЖЭК жобасын сүйемелдеуде, олардың қатарында: Сарыағаш ауданында қуаты 20 МВт «Жылға» күн электр станциясының құрылысы, Арыс қаласында қуаты 14 МВт «Задария-1» КЭС, Кентау қаласында қуаты 50 МВт болатын КЭС, Созақ ауданында қуаты 50 МВт КЭС. Компанияның сарапшылары Түркістан облысының инвестициялық картасы іске қосылғанда инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы артатындығына сенімді.
Анықтама үшін. Инсоляция - («in solo» латын тілінен – күнге шығарылған) бұл жер бетіне түсетін электромагниттік энергияның (радиацияның) мөлшері. Күн сәулесінің деңгейі, әдетте, сағатына кВт, тәулігіне м2 деп өлшенеді, бұл жер бетінің шаршы метріне бір тәулікте түсетін күн энергиясы көлемінің орташа мәні болып табылады.
Дереккөз: «Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы «TURKISTAN INVEST» компаниясының Баспасөз қызметі