«WorldSkills TURKESTAN 2020» чемпионаты басталды

0
1 285

WorldSkills – әлемнің 82 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс.


«WorldSkills TURKESTAN 2020» чемпионаты басталды

Түркістан қаласында «WorldSkills TURKESTAN – 2020» облыстық чемпионаты басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жұмысшы мамандығының беделін және кәсіптік білім сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауда 319 студент 46 мамандық бойынша бақ сынайды. Аталған байқаудың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында «WorldSkills Kazakhstan – 2019» V республикалық чемпионаты өткен болатын. Оған облыстан 33 студент қатысты. Оның ішінде 17 дарынды жас 4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 9 медаль жеңіп алған еді. Жалпы командалық есепте облыстың студенттері үшінші орынды иеленген болатынбыз. Біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан биылғы сайыста үлкен жеңіспен оралатындарыңа сенеміз», – деді облыс әкімінің орынбасары С.Амангелдіұлы.

Аталған сайыста жастардың тәжірибелік дайындығы мен кәсіптік біліктілігі шыңдалып, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениеті қалыптасады. Сондай-ақ, заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны іс жүзінде қолдана алу біліктілгі сыналады. Байқаудың биылғы ерекшелігі, Түркістандағы маңызды құрылыс саласына мейлінше назар аударылып отыр.

Бұл іс-шара барысында облыс колледждері студенттерінің арасында «құрылыс» мамандығы бойынша жарыс өтті. Жарыс «құрғақ құрылыс және сылақ», «сырлау және әрлеу», «сантехника және жылыту», «кірпіш қалау», «плитка жапсыру», «төбелік жұмыстар» құзыреттіліктері бойынша, жалпы 35 студенттің қатысумен өтіп жатыр. Облыстық чемпионаттың жеңімпаздары 18 маусым күні анықталатын болады. Дода жеңімпаздарына ұлттық чемпионатқа жолдама беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, арнайы сыйлықтар қарастырылған.

Айта кетейік, WorldSkills – әлемнің 82 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс. Өңіріміз аталған Чемпионатқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді. Осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістік те аз емес. Республикалық Чемпионаттың жеңімпаздары алдағы уақытта Австрия елінің Грац каласында өтетін «EuroSkills 2020» және Біріккен Араб Эмираттарының астанасы Абу Даби қаласында өтетін «AziaSkills 2020» чемпионатына қатысуға мүмкіндік алып отыр.