​Ясауи хикметтері тұңғыш рет кәсіби музыка тілімен орындалды

0
1 750

Қазақстан композиторлық мектебінде рухани тақырыпқа алғаш рет қалам тартқан ағайынды композиторлар Түркістан облысы, Отырар ауданының тумалары.


​Ясауи хикметтері тұңғыш рет кәсіби  музыка тілімен орындалды

Астана қаласындағы "Астана" концерт залында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Астана қаласы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріне қалам тартқан елге белгілі ағайынды композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың "Әзірет қонған Түркістан" концерті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысты.

"Төрткүл дүниенің бас иіп, рухани орталығына айналған Түркістанның қадірі мен қасиеті барлық ұрпақты ойландырмай қоймасы анық. Бүгінгі кеш композиторлық жолымыздағы ең ерекше, өзіндік орны биік шығармашылықтың жемісі деп ойлаймын. Биыл "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Осынау тарихи кезең тұсында перзенттік үлесімізді Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін кәсіби музыка үнімен жеткіздік. Хикметтер жайлы жаңаша мазмұнды дүниені тудырып, ұрпаққа насихаттаудың жаңаша қырын қолға алу жөнінде екі жыл бұрын "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат досым ой салып, рухани тақырыпты зерттеп, музыка арқылы сөйлету жайлы ізденіс жанданды. Нәтижесін бүгін көрдіңіздер. Концертті алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында, сонымен қатар ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия Республикасында өткізу жоспарда бар", - дейді Серікжан Әбдінұров.

Кеште Қ.А. Ясауидің хикметтеріне жазылған көптеген шығармалар орындалды. Олардың қатарында дәстүрлі әншілердің - «Ей, сопы», «Расулдың ризалығы», Павлодар қаласынан келген вокалдық квинтеттің - «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді» шығармалары, қылқобызбен - «Диуани хикмет», баянмен - «Арыстанбаб», «Абыз», скрипка аспаптарымен - «Күй-толғау», дауыс және оркестрмен - «Уа, жаратқан», «Мәңгілік», оркестрмен - «Сүйінші», «Балбал», дауыс, флейта және хормен - «Яссы», симфониялық дастан - «Хикметтер», ақын және симфониялық оркестрмен - «Қожа Ахмет Яссауи» шығармалары бар.

Қазақстан композиторлық мектебінде рухани тақырыпқа алғаш рет қалам тартқан ағайынды композиторлар Түркістан облысы, Отырар ауданының тумалары.

" Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында Түркістан жайлы ерекше тоқталғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған концертте ізгілік пен жақсылыққа жол сілтеп, рухани ұстаз атанған тұлғалар жайлы толғанымдар мен өмір жолдарын музыка арқылы дәріптеу мақсат етілген. Елімізге белгілі композитор, ағайынды Әбдінұровтар кәсіби музыка мен рухани құндылыққа бай хикметтерді үндестіріп, жаңаша жұмыс жасады. Кеш аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістанға жасаған сапарлары мен рухани астана және Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен қолжазбалары жөнінде көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде қолжазбалармен танысқан астаналықтар сахнада түрлі аспаптар үнімен хикметтер жайлы тыңдады", - деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Дереккөз: "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі