«YASAWI ЖҰЛДЫЗЫ»: Түркістанда белсенді студенттер марапатталды

0
764

Ректор белсенділік танытқан барша студентке алғысын айтты.


«YASAWI ЖҰЛДЫЗЫ»: Түркістанда белсенді студенттер марапатталды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінді белсенді студенттерді марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында «Yasawi жұлдызы» атауымен белсенді студенттерді марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы келіп қатысып, студенттерге қолдау білдірді. Университет студенттері Түркістанды жастар қаласына айналдыруға көп үлес қосып жатқанын атап өтті.


"Бұл білім ордасы Тәуелсіздік жылдарынан бастап Түркістан қаласының дамуына ерекше қызмет етіп келеді. Еліміз бойынша халықаралық мәртебесін алған алғашқы университет ретінде белгілі. Екі бауырлас мемлекеттің бастамасымен ашылған оқу ордасы Түркі әлемі жастарының басын біріктіретін үлкен алаңға айналды. 17 шет мемлекеттен келіп, Түркістан өңірінде ұйыса отырып, білімін жетілдіруде. Мақтануға тұрарлық тарихы, тұлғалары мен түлектері бар. Олардың қатарында Б.Саттархановты барлығы үлгі тұтады. Қазіргі таңда университетте тәлім алып жатқан 10 мыңға жуық студенттің әрбірі өңіріміздің әлеуетін көтеруге көмектесе алады. Расында, Түркістан – жастардың қаласына айналуына сіздердің үлестеріңіз мол. Білім алумен қатар, қоғамдық шараларда өзін таныта білген белсенділердің еңбегі бағаланып отыр. Университет ісін жоғары деңгейде атқарып, еңбек етіп жатқан ректор бастаған барша ұжымға және студенттерге алғыс айтамыз. Оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтадыңыздар. Алдағы оқу жылын тың серпінмен бастайды деген сенімдеміз. Баршаңызға сәттілік пен табыс тілеймін", – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы.


Университет ректоры Жанар Темірбекова іс-шараның мақсатына тоқталып, оқу жылы көлемінде белсенділік танытқан барша студентке алғысын айтты.


"Оқу орнымыздың одан әрі дамуына ықпал ететін күштердің бірі – сіздер, студенттер! Университетіміздің қабырғасында тек сапалы білім алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, үнемі дағдыларыңызды шыңдап отырсаңыздар, сіздер алмайтын қамал болмайды. Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – 2022-2023 оқу жылы көлемінде университет қызметіне және қоғамдық жұмыстарға белсенді атсылысқан студенттерді ынталандыру. Дегенмен, осында отырған әрбір студент мен үшін – «Yasawi жұлдызы»!, – деді ректор.


Шара аясында белсенді студенттері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатымен марапатталды.


Жалпы, марапаттау рәсімінде «Үздік студент», «Үздік студенттік декан», «Үздік клуб», «Үздік өнерпаз», «Үздік волонтер», «Үздік ұйымдастырушы», «Үздік балмұздақ» сынды 22 номинация өз иесін тапты.


Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, әннен шашу шашылды. «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі мен «Би сұлтан» би ансамблі, өзге де таланатты жастар өз өнерлерін ортаға салды. Венгриялық Богларка Фехер есімді студент қобызбен күй тартты. Студенттер авторлық шығармаларын орындап, кештің сәнін келтірді.