"Зейнеткерді ұрып өлтіріп көміп тастаған" - Түркістан облысында күдікті ұсталды

0
1 303

Күдіктінің айтуынша, араларында жанжал болған.


иллюстрациялық фото

Түркістандық полицейлер зейнеткердің өліміне қатысы бар күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне Қазығұрт ауданының тұрғыны арызданып, осы жылдың маусым айында Сарыағаш ауданының бір ауылында тұратын анасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткендігін көрсеткен.

Жоғалған әйелдің бір өзі тұратынын ескере отырып, жедел уәкілдер оның барлық байланыстарын, сондай-ақ соңғы уақытта кімдермен қарым-қатынас жасағанын анықтады. Сонымен қатар, егде әйел адам өлтірудің құрбаны болуы мүмкін деген болжам да жасалды. Із-түзсіз жоғалған адамды іздестіру облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болды. Бір ай бойғы сәтсіз іздеуден кейін Сарыағаш АПБ-де ҚР ҚК-нің 99 бабы "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Одан әрі тәртіп сақшылары із-түзсіз жоғалған адамның орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастырды.

Төрт айдан кейін жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері зейнеткердің жоғалуына қатысы бар күдіктінің ізіне түсті. Ол Сарыағаш ауданында жәбірленушімен көрші үйде тұрған, Қазығұрт ауданының тұрғыны болып шықты. Күдіктінің айтуы бойынша, зейнеткер әйел екеуінің арасында қарыз салдарынан жанжал туындаған. Жанжал барысында күдікті әйелді өлгенге дейін ұрып-соғып, денесін өз үйінің ауласына көміп тастаған. Полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған адамныңмәйітін аталған жерден тауып, оны сараптамаға жіберді.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлері болған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауда.