Жаяу жүргінші жолағынан өтпек болған қарияны көлік қағып қайтыс болды

0
1 330

19 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан ер адамды байқамаған.


Жаяу жүргінші жолағынан өтпек болған қарияны көлік қағып қайтыс болды

Түркістан қаласында тағы да жол-көлік оқиғасы орын алып, ер кісі қайтыс болды. 15 қараша күні жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан қарияны көлік қағып, біраз жерге дейін сүйреп әкеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Алған дене жарақатынан қарт кісі оқиға орнында көз жұмды. Жол көлік оқиғасы 15 қараша күні кешкі уақытта Түркістан қаласы Б.Саттарханов даңғылында болған. «Мерседес» жүк көлігінің 19 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан ер адамды байқамаған. Бұл туралы Түркістан қаласы полиция басқармасының басшысы Данияр Мейірхан фейсбуктегі парақшасында жазды.

"Көліктің тежеу қашықтығы - 68 метр! 73 жастағы жаяу жүргінші алған жарақаттарынан қайтыс болды. Нәтижесінде, жүргізуші қамауға алынды.Қашан көлік жүргізушілері өзге жандардың және өз өмірін бағалауды үйренеді? Мен жол ережелерін бұзушыларға қарсы "соғыс" жариялауға дайынмын. Балалар мен ересектердің өмірі автомобиль доңғалағының астында қыршын кетпеуі тиіс,"- дейді Түркістан қаласының бас полицейі.

Аталған оқиғадан бір күн бұрын, 14 қарашада Түркістан қаласында жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған бірінші сынып оқушысын көлік қағып қайтыс болған еді. Түркістан қаласы полиция басқармасының басшысы Данияр Мейірхан жол көлік оқиғасында қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

"Күні кеше жол талғамайтын көлік иесінің жол тәртібін ұстанбағандығының нәтижесінде жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп жатқан бірінші сынып оқушысы мерт болған еді... Құрбан болғандардың отбасыларына көңіл айтамын", - дейді Д.Мейірхан.