​Жетісай ауданында ауыл билері мен медиаторлар бас қосты

0
2 036

Жетісай аудандық сотының төрағасы Құрманғали Дүйсебековтің төрағалығымен өткен жиынға әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, аудандық билер кеңесінің төрағасы Тойым Жүнісов, қала, кент және ауылдық округтердің әкімдері мен ауыл билері қатысты.


​Жетісай ауданында ауыл билері мен медиаторлар бас қосты

Түркістан облыс Жетісай ауданы әкімдігінде ғимаратында сотқа дейін татуласу рәсімін күшейту және билер кеңесінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиын болып өтті, деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Кездесу барысында бүгінде сот жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқан ауыл билері мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлар арқылы дауларды сотқа дейін татуласу рәсімімен шешуді күшейтуге қатысты дауларды реттеудің баламалы тәсілдерінің ерекшеліктері мен артықшылықтары кеңінен талқыланды. Өйткені, медиация ұғымы қазақ халқына жат емес. Тарихқа зер салар болсақ, бір қауым ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы сынды келелі тартыстарды билер алқасы шешіп отырған. Ауданда аталмыш Заң өз күшіне енгелі медиаторлардың араласуымен халық арасындағы ұсақ-түйек даулар дауласушы жақтардың өзара ымыраға келуімен бітуде.

Аудандық билер кеңесінің төрағасы Тойым Жүнісов ауылдарда тағайындалған ауыл билер кеңесін әлі де болса бір жүйеге келтіріп, билер кеңесі жөнінде қоғамдық ұйымды заңдастыру керек екенін, арнайы билер ережесін бекіту қажеттігін айтып, сотқа және басқа да құзырлы органдарға түскен татуласу мүмкіндігі бар арыз-шағымдарды медиаторлар мен ауыл билеріне жүгіну қажеттігін заң шеңберінде реттеуді ұсынды.

Жиын соңында ауыл билері ел арасындағы ұсақ-түйек даулы мәселелерді сотқа жеткізбей тоқтатып, бітімгершіліксаясатын ұстануға бар күштерін салатын болып уағдаласты. Бұл мақсатта халық арасында медиаторлар мен ауыл билерінің беделін арттырып, ақпараттық-насихат жұмыстарын жандандыру қажетігі де ұсынысқа енгізілді.