​Жетісай драма театры 50-ге қадам басты

0
4 758

Жетісай драма театрының репертуарында 200-ге тарта қойылым көрерменге жол тартыпты.


​Жетісай драма театры 50-ге қадам басты

Ең алғаш шымылдығын қазақтың классик жазушысы Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасымен ашқан Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының репертуарында 200-ге тарта қойылым көрерменге жол тартыпты. Бүгінде театр ұжымы 50 жылдық мерекеге қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы да көрермендердің көңілінен шығып уақыт, заман ағымынан артта қалмау үшін нәтижелі еңбек етуді басты мұратымыз деп біледі. Тарих көшімен ілесе отырып көрермендеріне рухани байлық, көтеріңкі көңіл-күй, шабыт пен күш-қуат, тағы басқа да адами қасиеттерді сыйлауды мақсат еткен өнер ұжымы да келер жылы театрдың 50 жылдығын атап өтуге бүгіннен-ақ жан-жақты дайындалу үстінде.

Театр ашылғалы киелі ордада оның негізін қалаушылар деп толық сеніммен айтуға болатын Қасымхан Шанин, Мұхтар Өтебаев сияқты біртуар өнер саңлақтары еңбек етіпті. Жетісай драма театры өз шымылдығын алғаш рет қазақтың классик жазушысы Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасымен ашқан болатын. Онан бері де айтулы өнер шаңырағында бірнеше буын алмасты. А.Ысрайлов, Қ.Саурықов, Ш.Қожамұратова, А.Күлішов, Р.Қошпанқұлов, сондай-ақ, М.Омарбаева, Ш.Хакімжанова, Т.Қыстаубаев, Ж.Қарғабаев, Ә.Омарова, тағы басқа да ондаған өнер саңлақтарының сомдаған әр жанрлардағы рөлдері киелі сахнаны қадірлейтін көрермендердің жадынан шықпасы анық.

ҚР Мәдениет қайраткерлері мен театр майталмандарының да өзіндік орны бар. Бұлардың соңында, яғни, олардың ізімен ондаған орта, жас буын әртістердің шоғыры өсіп келеді.

Театрдың сахнасында Б.Майлиннің «Жалбыр», М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз жібек» сияқты классикалық туындыларымен қатар алыс және жақын шетел драматургтерінің де тұшымды дүниелері сахналанды. Шығармашылық ұжым талай рет республикалық, сондай-ақ, бірнеше халықаралық деңгейдегі театр байқауларына қатысып жеңімпаз, лауреат, дипломат атанды.

Қазақ театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шаниннің тұяғы Қасымхан Шанин негізін қалаған Жетісай драма театрының ертеңі бүгінен де жемісті боларына риясыз сенім бар. Өйткені «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ҚР Мәдениет қайраткерлері – театр директоры Бақыт Сраилов, әртістер, сондай-ақ, театрдың өзге де қызметкерлері ортақ істің оңды атқарылуына барынша ынталы екенін ерекше атап өтуге тұрарлық.