​Жетісай жастары абыз қарттармен кездесу өткізді

0
1 865

Ғаламторды қаптаған түрлі арандатушылықтардан бойларын аулақ ұстап, ата-баба салтын сақтауды насихаттаған қариялар бейбіт өмірдің қадірін бағалауды өтінді.


​Жетісай жастары абыз қарттармен кездесу өткізді

Түркістан облысы, Жетісай ауданында Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығы аясында тәрбиелік мәні зор іс-шара болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан ұлттық мұрасының бірі – ұлттық салт-дәстүріміз негізінде адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу, ұлттық дүние таным негіздерін қалыптастыру мақсатында өткен ғибратты шараға ауданның құрметті азаматы, батагөй ақсақал Оразқожа Бекахметов пен еңбек ардагері Нұржамал Байтасова қатысты.

Жиында көпті көрген қариялар өздерінің өмір жолдары мен еліміздің кешегісі мен бүгінен сыр шертіп, Тәуелсіздіктің 27 жылында еліміздің жеткен жетістіктері дәріптелді. Елбасының жастар саясатына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасауының нәтижесінде жастардың білікті маман болуларына ешқандай кедергінің жоқ екендігін айтып, өскелең ұрпақты сапалы білім алуға шақырды. Ғаламторды қаптаған түрлі арандатушылықтардан бойларын аулақ ұстап, ата-баба салтын сақтауды насихаттады. Бейбіт өмірдің қадірін бағалауды өтінді.

«Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастар – сіздерге тікелей байланысты екенін ескеріп, саналы түрде ой жүйелесек келешек ел тізгінін ұстайтын жастардың өн бойынан халықтық қалып, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз төгіліп тұруы қажет. Әрі білімді, бәсекеге барынша қабілетті, сонымен қатар дені сау, яғни, салауатты өмір салтын ұстануы алғы шарт болып табылады. Ақиқатын ашып айтар болсақ, жастарымыз белсенді болуы керек», - деді батагөй ақсақал Оразқожа Бекахметов.

Кездесу соңында қонақтарға сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді. Мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.