Жетісайда «Адасқандар» драмасы сахналанды

0
1 319


Жетісайда «Адасқандар» драмасы сахналанды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының «Мақтаарал гуманитарлық-экономикалық агро бизнес колледжінде» Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы «Адасқандар» драмасын қойды - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Драманы сахналаудағы басты мақсат – ақиқат жолын жалындатамыз деп жалындаған жастарды жарты жолдан қағытып жүрген секталардан сақтандыру, алдын алу болып табылатын қойылымда қазақстандық жас отбасының тірліктерін террорлықпен түйіндейтін миссионерлік ұйымның арбауына түсіп, соғыс ошағы – Сирияға аттануы, ол жақтағы қиындықтары мен қасіреттері суреттелген. Діни сауатының төмендігінен өз жолынан жаңылысып, жөнін таппай жүргендердің тағдыры, жалпақ жұртты исламнан жерітіп, жамандыққа жақындата түсетін жын-жыбыр ағымдардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткендігі бейнеленген драма көпшіліктің көңілінен шықты.

«Қоғамның басты тірегі – отбасы. Отбасының шаңырағы шайқалса қоғамның құты қашатындығы секілді ұлттық рухани және адамгершілік құндылықтарды, жүрегіндегі жылылықты әлсіретіп алып, аяқ асты еткен қай қоғамның да көп ұзамай бордай тозары анық. «Адасқандар» драмасын сахналастырудағы басты мақсатымыз – жас ұрпақтың жүрегіне иман нұрын ұялатып, күш-қуатын байыта түсу»,- дейді Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, ҚР мәдениет қайраткері Бақыт Сраилов.