​Жетісайлық шаруалар 48 643 тонна мақта жинап үлгерді

0
1 306

Мемлекет тарапынан 1 тонна ақ алтынға 12 мың теңге көлемінде субсидия төленуде.


​Жетісайлық шаруалар 48 643 тонна мақта жинап үлгерді

Бүгінде Жетісай ауданында 48 643 тонна мақта жиналды. Оның 21831 тоннасы қол теріммен, 26832 тоннасы машинамен терілген. Қазір ауданда 6 мақта зауыты мен 94 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істеуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шаруалар 1 тонна мақтасын қабылдау бекеттеріне 180 мың теңгеден өткізіп жатыр. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан 1 тонна ақ алтынға 12 мың теңге көлемінде субсидия төленуде. Бүгін бұл туралы аппарат жиналысында Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов мәлім етті.

Ақ алтын жинауда Атамекен ауыл округі көш бастап келеді. Қазір мұндағы шаруалар 7666 тонна мақта жинап үлгерген. Екінші орында 6507 тоннамен Қарақай ауыл округі келеді. Мақтаның өнімділігі жағынан қарақайлықтар оқ бойы озық тұр. Нақтырақ айтсақ, округ шаруалары мақтаның әр гектарынан 25 центнерден өнім алып жатыр.
Аппарат отырысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің жұмыс жоспары әзірленіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол аудандағы мемлекеттік қызмет түрлерінің 80 пайызға жуығын электронды түрде көрсетуге қол жеткізу үшін жұмыстар атқарылуы керектігіне тоқталды.
Жиын барысында аудан әкімінің тапсырмасына сай ауыл шаруашылығы жерлерін электронды картаға енгізу, кент, ауыл округтеріндегі салық түсімдерін қадағалау, көлік, жер, мүлік салықтарын уақытылы орындау мәселелері де қаралды.