​Жетісайлық тұрғындар «Нұр Отанға» түйінді мәселелерін жеткізді

0
2 477

Қазақстанның гүлденіп көркеюі жолында жасампаздықтың жарқын істерін жүзеге асыруды мақсат тұтып, кемел болашаққа нық қадам басу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан «Нұр Отандықтар» шалғайдағы аудандарда болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуда.


​Жетісайлық тұрғындар «Нұр Отанға» түйінді мәселелерін жеткізді

«Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің партияның 20 жылдығына орай Мақтарал аудандық филиалындағы көшпелі қоғамдық қабылдауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қоғамдық қабылдауға 50 азамат жазылып, 580-ге тарта аудан тұрғындары аудандық жылжымалы медицина бөлімшелерінен скринингтік тексеруден өткізілді.

Көшпелі қоғамдық қабылдау аясында Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Құмарбай Асқар Арнауытұлы, Түркістан облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Құлжанов Берік Үшкемпірұлы, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Байдуллаев Әбдіманап Әбдіқалықұлы мен облыстық, аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракция мүшелері, жергілікті мемлекеттік органдар басшылары мен медицина саласының мамандары азаматтарға жеке қабылдаулар өткізді.

Қабылдау барысында Мақтаарал мен Жетісай аудандарынан тізімге жазылған тұрғындар тарапынан айтылған мәселелердің басым бөлігі жол, ауыз су, газ, үйіргелік учаске алу мәселесіне қатысты болды. Қабылдауға келушілердің көпшілігі көшелерге төселіп жатқан асфальттар мен ауыз судың сапасының сын көтермейтіндігін, орталық газ құбырларынан тартылған көгілдір отынның үйді-үйге кіргізу бағасының тым қымбат екендігін айтты.

Мұнан да басқа көшпелі қоғамдық қабылдауға келген азаматтарға жұмыссыздықты жою, кәсіп ашу, қайта даярлау курстарынан өту арқылы жұмысқа орналасу, халықтың әлеуетін арттыру бағытында елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жайында түсініктер мен заңдық кеңестер берілді.

Алдағы уақыттарда айтылған әрбір сын-ескерпелер мен өтініш-тілектер партия қызметкерлерінің бақылауына алынып, тиісті шаралар жүргізілетін болды.