​Жоғалып кеткен түркістандық қыз көрші облыстан табылды

0
1 532

1996 жылы туған қыз бала көрші облыстың аймағында жаңа жұмысқа орналасып үлгіргені анықталған.


​Жоғалып кеткен түркістандық қыз көрші облыстан табылды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының полицейлері өткен айда із-түзсіз жоғалып кеткен Келес ауданының тұрғыны Ұлжалғас Мұсаеваны іздеп тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

1996 жылы туған қыз бала көрші облыстың аймағында жаңа жұмысқа орналасып үлгіргені анықталған.

Еске салар болсақ, 2018 жылдың 21 ші қарашасында Келес аудандық ІІБ-на Ұлжалғас Мұсаеваның анасықызының жоғалып кеткені туралы арызданған. 1996 жылы туған қыз бала 17 қараша күні үйінен шығып кетіп қайтып оралмаған еді. Жанын шүберекке түйіп, уайымдаған ата-анасы қыз баланың құрбысымен белгісіз жаққа бет алған болуы мүмкін деген болжам да жасаған еді.

Түркістан облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары нәтижесінде із-түзсіз жоғалған бойжеткенді Жамбыл облысының аумағынан тапқан. Хабар ошарсыз кеткен қыз бала өзінің құрбысымен Отар станциясындағы әскери бөлімге аспаз көмекшісі болып жұмысқа орналасқаны белгілі болған.

2018 жылдың 1-ші желтоқсан күні Ұлжалғас үйіне қайтарылды. Полицейлер оқиғаның себеп-салдарын, мән-жайын анықтап жатыр. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті хабарлап отыр.

Қыздар із-түзсіз жоғалған кезде туыстары Ұлжалғас Мұсаеваның үйден кету себебін күйеуімен екеуінің арасындағы араздасып қалумен байланыстырған да болатын. Ал құрбысының отбасында да, оқуында да ешқандай да проблемасы болмаған көрінеді.