Ж.Түймебаев Франция делегациясымен кездесті

0
1 316

Өз кезегінде француздық меймандар Түркістандағы соңғы жаңалықтардан хабардар екенін айтып, мұндағы мүмкіндіктің мол екеніне тағы бір көз жеткізді.


Ж.Түймебаев Франция делегациясымен кездесті

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Франция Ұлттық Ассамблеясының депутаты, "Франция-Қазақстан" достық тобының төрағасы Пьер Кабарэ мырза бастап келген делегациямен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Құрамында Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ, Франция Ұлттық Ассамблеясының Сыртқы істер комитетіндегі кеңесшісі Жиль Аратун, Францияның Қазақстандағы Бас консулы Алексис Шахтахтински сынды беделді азаматтары бар жұмыс тобы өңір басшысымен бірге алдымен, облыс орталығының келешектегі даму жоспарымен танысып, одан соң, екі жақты әңгімеде Қазақстан мен Франция мемлекеттерінің, оның ішінде, әсіресе, Түркістан облысымен экономикалық байланыстарын сөз етті.

"Франция соңғы 10 жылда қазақстандық экспорттың жалпы көлемінің 63% - ға жуығы экспортталған алты елдің бірі болып табылады. Ал бүгінгі таңда Қазақстанда француз капиталының қатысуымен шамамен 130 компания бар. Оның ішінде, Түркістан облысында 2 жоба жүзеге асырылып жатса, 3-уі келіссөздер сатысында. Қазақстандағы Француз инвестициясы соңғы 10 жыл ішінде 11,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл біздің елімізге Францияның іскерлік қоғамдастығы тарапынан жоғары сенімділікті білдіреді. Сондықтан, Түркістан облысы мен Франция Республикасының арасында өзара тиімді өндірістік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру үшін кемел келешектің бар екеніне сенімдімін", - деді Ж.Түймебаев.

Өңірімізде инвестициялық климаттың өте қолайлы екенін алға тартқан аймақ басшысы бизнесті дамытып, оны қолдауда бізде түрлі механизмдердің жұмыс істейтінін алға тартып, шет елдік кәсіпкерлердің осында қаржы салып, іс бастауына болатынын жеткізді. Сонымен бірге, халқы ең тығыз орналасқан өңірлердің қатарындағы облысымыздың аграрлық саласындағы мүмкіндіктері мен туризм саласындағы әлеуетінің жоғары екенін де айтып өтті.

Өз кезегінде француздық меймандар Түркістандағы соңғы жаңалықтардан хабардар екенін айтып, мұндағы мүмкіндіктің мол екеніне тағы бір көз жеткізді.

"Бұл ретте француздық компаниялар "Ақылды қала" сынды озық жобаларды ұсына алады. Бүгінге дейін бірнеше елдерде жүзеге асып, сәтті жүргізіліп келе жатқан 25 жобамыз бар. Бұл Түркістан қаласына да ыңғайлы, 250 мың халыққа шақталған. Сондай-ақ, шаһарды туризм орталығы ретінде дамыту үшін жүргізушісі жоқ автономды қоғамдық көлік қызметін де ұсына аламыз", - деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ.

Осынау ұсыныстарға қанығып, өзге де салалардағы әріптестік жайын сөз еткен тараптар жоғарыда аталған жобалар бойынша әкімдік мамандарымен бірлесе тиімді тұстарын пысықтауға уағдаласты.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі