Асүйдегі майдың иісін қалай кетіруге болады

0
5 409

Майдың жағымсыз иісін туралған сәбіз кетіреді.


Асүйдегі майдың иісін қалай кетіруге болады

Мереке алдында әрбір қыз-келіншек дастарханды жайнатып тастау үшін түрлі пісірмелер, салаттар жасаудың қамына кіріседі. Алайда осы ас тағамдарды дайындағанда, картопты, балықты, тауық еттерін қуырып немесе бауырсақ пісірген кезде үйдің ішін майдың исі жайлап алады. Ал оның оңайлықпен кете қоймайтыны белгілі.

Қазір жағымсыз иістен құтқаратын түрлі химиялық сеппелер бар. Дегенмен бұл сеппелерге біріншіден қаражат қажет болса, екіншіден кейбір алллергиясы бар жандарға және балалары кішкентай үйлерге жақпауы мүмкін.


Сәбіздің пайдасы

Майдың жағымсыз иісін азайтудың ең бір қарапайым тәсілі – сәбізді пайдалану. Бар болғаны май қызған кезде ештеңе қуырмай тұрып, алдын-ала бір сәбізді ұсақтап турап майға салып алған дұрыс. Бір қуырып алған соң сәбізді алып тастап артынан қалаған өнімді салып ала беруге болады. Бұл әдіс майдың иісін бірнеше есе азайтады.

Сондай-ақ етті қуырған кезде майдың иісін азайту әдісін пайдалана отырып, тамақтың дәмін ерекше татымды етуге болады. Мұның бірнеше тамаша тәсілі бар.

  • Ол үшін етті қуырмас бұрын шамалы мұздатып алу керек. Егер ет мұздатқышта тұрған болса оны тоңазытқышқа қойып, жұмсартып алған дұрыс. Мұздай ет ыстық майға түскен соң тәтті иіс пен ерекше дәм береді.
  • Етті турағанда өте жұқа етіп жібермеуге тырысу керек. Себебі жұқа туралған ет бұйраланып, бір тегіс қуырылмайды.
  • Егер етке пайдаланардан алдын аздап лимон шырынын себетін болсаңыз, ет жұмсақ болып қуырған кезде ешқандай майдың иісі шықпайды.


Кепкен нан ұнтағы май иісін шығармайды

Бұл әдіс барлық адамға бірдей ұнай бермейді. Себебі кептірілген нан ұнтағы бар тағамды екінің бірі сүйсініп жей бермейді. Бірақ дәл осы нан ұнтағына аунатылып қуырылған ет өнімдерінен майдың иісі шыға қоймайды. Дәмі ерекше татымды бола түсуі үшін кепкен нан ұнтағына аз ғана сүт, жұмыртқа, бірнеше тамшы лимон шырыны және аз ғана сыра қосып жіберуге болады. Мұндай сұйық қоспаға салынып алып қуырылған ет өнімдері жұмсақ, дәмі татымды болады және ас үйден жағымсыз майдың иісі шықпайды.

Тек мұндай қоспаға салынып алынған өнімдерді қатты қызып тұрған майға салып қуыру керек. Олай болмаған жағдайда оның дәмі өзгеше болып шығады.


Майдың иісін май алады

Қуыруға ең дұрысы тазартылған өсімдік майы екені белгілі. Алайда майдың иісі бұрқырап үйдің ішін алып кетпесін десеңіз, көп өнім қуырған кезде майды қарайғаннан кейін қайта жаңалап тұруға тырысу керек. Мұның басты себебі – денсаулыққа кері әсері. Қатты қарайған майға қуырылған өнімнің дәмі де өзгеше татымсыз болады.

Тағы оқыңыздар: Мерекеге арналған асты бір апта бұрын пісіріп қоюға болады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
ERNUR.KZ