​Балаңызға ойнайтын ШАТЫР жасап беріңіз

0
3 775

Балалар ойынмен өседі. Ойыншықтың түр-түрін алып, одан тез-ақ жалығып жүргенін де байқайсыз. Оның үстіне, ойыншықтың сапасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Ал қалтаңызға ыңғайлы, арзандау ойыншықты балаңызға сатып алып бермесеңіз, қымбатына кез-келген ата-ананың шамасы жете бермейді.


​Балаңызға ойнайтын ШАТЫР жасап беріңіз

фото: livemaster.ru

Балалар ойынмен өседі. Ойыншықтың түр-түрін алып, одан тез-ақ жалығып жүргенін де байқайсыз. Оның үстіне, ойыншықтың сапасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Ал қалтаңызға ыңғайлы, арзандау ойыншықты балаңызға сатып алып бермесеңіз, қымбатына кез-келген ата-ананың шамасы жете бермейді.

Ал ерекше ойыншықты балаңызға өз қолыңызбен жасап бергіңіз келе ме?

Ерекшелігі сонда, бала естияр шаққа жеткенше бұл ойыншықпен жалықпай ойнауына мүмкіндік көп.

Бұл ерекше ойыншық – ШАТЫР (вигвам). Яғни, үйшік. Бала күнімізде қыз балалардың сүйікті ойындарының бірі «үйшік» болғандықтан, бұл менің бала күнімді есіме салады. Яғни, шатыр топтасып, балалар әлемінде ойнауға таптырмайтын ойыншық.

Балаңыз достарымен бірге оңаша алаңда ойнағысы келетін шығар немесе кітап оқу, ұйықтау сияқты жайлы орынға айналары сөзсіз.

Ауа райының қолайсыз кезінде бөлме ішінде орнатып, ал күн жарқырап шығып тұрған кезде есік алдындағы көгалды жерлерге де ойын шатырын құрып қойып ойнауға ыңғайлы. Ойын шатырымен ойнау бірнеше есе қызықты болатындығына көзіңізді жеткізгіңіз келсе, балаларға арналған шатыр жасауды бастайық.

Бізге қажет болатыны аса көп шығынды қажет етпейді. Бастысы, өзіңіздің талғамыңыз бойынша түрлендіріп әсемдей аласыз.

Қажетті бұйымдарды, құрал-саймандарды сайлап алыңыз. Ол үшін бізге тігін машинасы, қаңқасы үшін ұзындығы 2 метр, қалыңдығы яғни, ені 2-4 см қалауыңызға қарай 6 немесе 4 ағаш-рейкалар қажет болады. Ағаштың орнына бамбук таяқшалары да жарайды. Ол жеңіл әрі сүйкімді көрінеді. Қаңқаны біріктіру үшін кез-келген берік жіп. Тығыз тоқылған, жуылуға ыңғайлы мата. Ұзындығы 3 метр, ені 1,2-1,5 метр болуы қажет. Жиектерін өңдеу үшін өздігінен жабысатын лента немесе жолақ мата керек болады. Егер қаламасаңыз, жиектерін көмкермесеңіз де болады. Жәй ғана тігін машинасы арқылы қайырып тігесіз. Түйреуіштер, сәндік үшін түрлі түйме мен баулар да артық емес.

1-қадам. 2 метрлік сырықтарды біріктіріңіз. Олардың басынан 10-25 см қалдырып, ағаштың барлығынан тесік жасаймыз, жіпті өткізіп, байлау үшін. Резеңкемен де байлауға болады, бірақ, бұл берік тұрмайды. Сондықтан, ең дұрыс тәсіл ағашты жіп өтетіндей тесіктер арқылы берік жіппен біріктіріп байлау.

2-қадам. Енді үйшігіміздің қоршауын жасаймыз. Ол үшін матаны еденге жайып, қырқып алу қажет. 3 метрлік матаны қақ ортасынан, яғни, 1,5х1,5 метр етіп аламыз.

3-қадам. Кесілген матаны үшбұрыш етіп бүктеңіз, квадрат матаны қиғашынан бүктесеңіз үшбұрыш шығады. Енді белгілеу сызықтарын жүргіземіз. Үшбұрыштың жоғарғы бөлігінен доғал сызық сызамыз. Шамамен 5 см. Доғал сызықтың бойымен қиып аламыз. Матаның екінші бөлігінен дәл осындай үшбұрыш жасап алып, диаметрі шамамен 8 см-дей жоғарғы бөлігінен доғал сызық сызып, сызық бойымен қиып аламыз.

4- қадам. Енді қаңқамызды «қаптаймыз». Яғни, төрт тағанымызға матаны кигізіп қоюымыз керек. Мұны тігін машинасымен тігіп аламыз.

5-қадам. Есігі мен терезені көмкеріп, тігіп болған соң, сыртындағы пердесін ашып қоюға ыңғайлы етіп ілмек пен түймені тігеміз. Есігі жәй ғана перде секілді матасы екі жаққа қайырылып тұрады. Арнайы есіктің орнын қиып жасау міндет емес.

6-қадам. Шатырдың ішіндегі төсенішін, жастықтарын тігеміз. Жоғарғы бөлігінде артық қалған тіреуіштің басына жалауша тігіп кигізіп қойсаңыз, өте сәнді көрінеді.

Міне, біздің балаларға арналған вигвам дайын. Балаңызбен бірге вигвамның ішінде «ойнасаңыз», сіздің де көңіл-күйіңіздің көтеріліп қалары сөзсіз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева

ERNUR.KZ