​«Банкі жапқанша», мұздатып алғаныңыз әлдеқайда пайдалы

0
6 308

Түрлі тосаптар мен нәрсулардың құрамына қант қосып жабатындықтан олардың калория мөлшері де көп болады.


​«Банкі жапқанша», мұздатып алғаныңыз әлдеқайда пайдалы

фото: rivers.msk.ru

Жаз айы тек қана демалыстар мен шомылудың ғана емес, сонымен бірге қыз-келіншектер үшін қыстың қамын жасайтын уақыт. Яғни, әртүрлі тосаптар мен нәрсулар, түрлі қайнатылған, маринадталған, тұздалған көкөністер мен жемістерді шыны ыдыстарға тоғытатын кез.

Жазда балғын көкөністер мен жемістердің арқасында адам ағзасы түрлі минералдар мен дәрумендерге бай болады. Ал қыста дәрумендерге деген қажеттілік артқан уақытта пайдалы өнімді қайдан алуға болады? Мұны әркім өзінше шешеді. Яғни, кейбіріміз шыны құты мен түрлі ыдыстарға жапсақ, енді бірулер жеміс жидектерді кептіреді, мұздатқышқа салады, ал енді бірі жылы жақтардан әкелінген қымбат жемістер мен көкөністерді сатып алғанды хош көреді.

Өнімдерді қысқа дайындаудың негізгі 5 тәсілі бар: консервілеу, тұздау, маринадтау және кептіру, мұздату немесе қатыру. Әрбір тәсілдің өзіндік пайдалы және пайдасыз тұстары бар. Осы турасында рет-ретімен айта кетейік.

Дайындаудың бірінші түрі – консервілеу. Консервіленген өнімдер көбіне шыны ыдыстарға жабылады. Мұндай өнімдерден улану қаупі жоғары болғандықтан, сірке суы қосылады. Дәмі қалыпты болғанымен өнімнің пайдалы құрамы азаяды.

Екінші тәсіл – тұздау. Тұздалған өнімнің тағамдық құндылығы жақсы сақталғанымен, тұздылық басымдылығы жоғары болуы немесе тез ашып кетуі мүмкін.

Үшінші тәсіл – маринадтау. Маринадталған өнімдердің құрамына көптеген қосымша дәмдеуіштер мен сірке қышқылы көп мөлшерде қосылады. Сірке қышқылы өнім құрамындағы көптеген бактерияларға қарсы тұрғанымен, ондағы пайдалы дәрумендерді де азайтады.

Төртінші әдіс – кептіру. Әрине мұндай тәсіл үшін өнімдердің барлық түрі жарай бермейді. Бірақ кейбірін тағамдық құндылығын сақтай отырып, кептіріп алуға болады.

Соңғы тәсіл – мұздату немесе қатыру. Бұл тәсіл сіздің тоңазытқышыңызға байланысты болмақ. Яғни соңғы үлгідегі тоңазытқыштарда мұздату өте оңай. Мұздатылған өнімдердің барлық табиғи пайдалы құрамы дерлік сол қалыпта сақталады.

фото: veselointeresno.ru

Тамақтану саласындағы көптеген мамандар басқалай сақтауларға қарағанда, дәл осы мұздатылған өнімдердің пайдасы орасан деген пікір айтады. Мұның бірнеше өзіндік себебі бар:

Мұздату үшін тек қана жоғары сападағы өнімдер ғана алынады. Езілген, піспей қалған, шірігі бар немесе тағы басқалай өнімдер сақтауға келмейді.

Мұздатылғаннан соң көптеген жеміс-жидектер, көкөністер хош иісі мен дәмінің балғындығын, пайдалы құрамын өз қалпында ұстап қалады.

Мезгілінде емес жылы жақтардан әкелінген жемістер мен көкөністерге қарағанда,мұздатылған өнімнің пайдасы айтарлықтай. Ұзақ жақтардан тасымалданатын өнімдер бізге жеткенше құрамындағы пайдалы заттардан айрылады. Ал балғын күйінде мұздатылатын өнімдердің ағзаға пайдалы құрамы сол қалпында сақталады.

Мұздатылған жемістер мен балғын жаңа терілген жемістердің калориясында да көп айырмашылық болмайды. Ал түрлі тосаптар мен нәрсулардың құрамына қант қосып жабатындықтан олардың калория мөлшері де көп болады.

Мұздатылған өнімдердің зиянды жақтары да бар

Көкөністер мен жемістердің балғын кезінде жақпайтыны болса, мұздатылған өнімде де сол әсер сақталады. Мысалы, қарақат немесе құлпынай, қияр, аскөк т.б өнімдер дене тітіркендіруін туғызатын болса,мұздатылған жағдайда да солай болады.

Сондай-ақ мұздатудың тағы бір жағымсыз тұсы – сөлі шығып кетуінде. Бойынан сөлі шыққан өнімдер жеуге жарамсыз болып қалады. Сондықтан мұздатылатын өнімді өте мұқияттылықпен кептіріп, арнайы қалташалар мен пластмассадан жасалған ыдыстарда ауасын шығарып, қақпағын дұрыстап бекіткен жөн.

Қандай өнімдерді мұздатып сақтауға болады?

фото: pochemuha.ru

Мұздатуға болатын жеміс-жидектердің кеңінен таралған түрлері – құлпынай, мүкжидек (клюква), шие, қарақат, таңқурай. Негізінен мұздатуға қызыл қарақаттан басқа барлық жидектер жарай береді.

Көкөністер – қызанақ, қияр, баялды, сәбіз т.б барлық өнімдер.

Ескерту: Мұздатылған жемістерді тек бір жыл ғана сақтауға болады. Ал қияр мен қызанақты жарты жылдан артық сақтауға болмайды.

Барлық тәсілдерді жинақтағанда 100 пайыз артық болып тұрған ешқайсысы жоқ. Барлығының пайдалы жақтарымен бірдей жағымсыз тұстары да жетерлік.

Дегенмен қазіргі таңда ең бір тиімді, көп шығынды қажет етпейтін, пайдалы құнары сақталатын әдіс – мұздату болып отыр.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ