Базарда жақсы КАРТОП таңдай білесіз бе?

0
5 884

ҮСІП кетпеген бе? Жеуге ЖАРАМДЫ ма?


Базарда жақсы КАРТОП таңдай білесіз бе?

Биыл қыс ертерек басталып, аязды күндер көбейді. Мұндай кезде мүмкіндік болса картоп, пияз секілді ең қажетті деген дақылдарды қабымен алып сақтауға тырысамыз. Бірақ, күн аяз болғандықтан картоп үсіп қалуы мүмкін. Ал үсіген картоптың дәмі өзгеріп, тез арада жеп қоймаса, шіріп те үлгереді.

Қаражат шығарып алған соң мейлінше ұзақ сақталатын, үсімеген, жақсы картоп жегенге не жетсін. Картопты қаптап алған соң оны супермаркеттен емес, базардан алатынымыз анық. Сатушының сөзіне сеніп жарамсыз тауар алғаннан, төмендегі кеңестерді қажетіңізге жаратып, жақсы картоп таңдаудың жолдарын, үсікке ұрынғанын ажырата білу де керек.


Картоптың үсіп қалғанын қалай ажыратуға болады?

Кәдімгі, үсікке ұрынбаған картоп тығыз, қатты болады, ал үсікке ұрынғаны керісінше - жұмсақ, кей жерлері сулы болып келеді. Сондықтан оны ажырату аса қиын емес. Бірақ кейде еріп үлгермеген картоптар сырт көзге өте әдемі болып көрініп, өңін бермейді. Ал жылы жерге барған соң еріп, жұмсарып, суы аға бастайды. Сондықтан, картоп алар кезде бір-екеуін алып, қаттырақ үрлеп көріңіз. Егер картоптан шаң көтерілмесе, онда ол үсіп қалған. Себебі бұзылмаған, үсімеген картопта азғана болса да топырақ болады.

Сондай-ақ картопты бір-біріне ұрып көріп те үсіген-үсімегенін ажыратуға болады. Үсіген картоптар бір-біріне ұрғанда қаттырақ дыбыс шығарады.


Үсіген картопты тамаққа қосуға бола ма?

Аязға ұрынып қалған картоптың суы шығып, дәмі өзгеріп кетеді. Бірақ мұндай картоптан да тағам дайындауға болады. Тек ол үшін тәттірек дәмін кетіріп алу керек.

Картоптың қабығын аршып, салқын суға 10-15 минутқа салып қойыңыз. Одан кейін бірден қайнап тұрған суға салып, қайнатамыз. Суға тұздан бөлек, сірке қышқылын 1 литр суға 1 шәй қасық есебімен құйыңыз. Піскен картоптарды қуырып алуға немесе сорпа жасауға, сол күйінде де пайдалана беруге болады.


Қыста картопты қайда сақтау керек?

  • Жер үйде картоптың жақсы сақталатын жері – ол жертөле мен ұра. Салқындау, жарығы аз жерде картоп ұзақ сақталады.
  • Егер жертөле мен ұра болмаса, онда балконға да сақтауға болады. Бірақ ол үшін ағаш жәшік қажет болады.
  • Ал егер ешқандай мүмкіндік болмаса, онда үй ішінде де сақтай аласыз. Тек ол үшін үй ішінен қараңғы салқындау жер керек. Бірақ мұндай жағдайда сақтау мерзімі 1 айдан артыққа созылмайды.

Картопты сақтаудағы үлкен қателіктердің бірі оны тоңазытқышта сақтауға болады деген түсінік. Себебі төмен температураның әсерінен өзінің дәмін өзгертіп, тәтті бола түседі. Сондай-ақ тоңазытқыштағы картоп тез бұзылып, шіри бастайды.



Картоп сақтау үшін қандай жағдай жасалу керек?

  • Қандай да бір жарық көздері болмауы керек;
  • Картоп сақталатын бөлмедегі ауа температурасы+ 2-3 градус жылы шамасында болғаны дұрыс. Бұдан төмен температурада картоп үсіп, тез шіри бастайды, ал жоғарыласа белсенді түрде өніп, өседі.

Қандай картоп қыста жақсы сақталады?

  • Қысқы мезгілге картоп сақтау үшін көпшілік ірі көлемділерін таңдап жатады. Алайда мұндай картоптардың қоректендіргіш заттары аз болады. Бірақ ол дәмінен білінбейді. Сондықтан сақтау үшін, картоптың қолға сыйымды орташа көлемдісін таңдап алу керек.
  • Ұзақ сақтауға таңдалатын картоптың қабығы қалың және тегіс болуы қажет.


Кейбір көкөністердің жанында картоп ұзақ сақталады

  • Қысқы мезгілде картоп ұзақ сақталу үшін қызылшамен көрші қою керек. Себебі қызылша картоптағы артық ылғалды өзіне тартып, оны шіріп кетуден сақтайды.
  • Картоппен бірге алманы сақтауғаболмайды. Себебі жертөледе тұрған алмадан түрлі зеңдер тарайды.

Картоп сақтауда халық арасында кеңінен таралған тәсілдер:

  • Картопты ұзақ уақыт сақтау үшін, оған арша бұтақтарын немесе шетен (рябина) жапырақтарын салу керек. Бұл өсімдіктер картоптың сақталуы үшін өз бойынан ерекше заттар бөледі.
  • Ал көктемде картоп қатты өніп кетпеу үшін, оған бірнеше тал жалбыз қою қажет.
  • Сондай-ақ картопты пияз қабығымен араластырып сақтауға болады.

Дайындаған: Э.Базарбаева

ERNUR.KZ

Сізге қызықты болуы мүмкін:


Үйіңізде "ДОЛЛАР АҒАШЫН" өсіре алмай жүрсіз бе?


ТЕРЕКТІҢ түбіріне АЛМА өсіруге болады