Бөлме гүлдері СОЛЫП ҚАЛА БЕРЕ МЕ? Түбіне шаш көміңіз

0
9 007

Биылғы ыстық көптеген бөлме гүлдеріне әсер етті.


Бөлме гүлдері СОЛЫП ҚАЛА БЕРЕ МЕ? Түбіне шаш көміңіз

Бөлме гүлдері жайқалып тұрса көңілге қуаныш сыйлайды, әдемілігімен үйге сән береді. Олар әдемі болып жайқалып тұру үшін жақсы күтімді қажет етеді. Алайда жақсы күтімде тұрған гүлдер де кейде бірден солып, қурай бастайды. Әсіресе биылғы ыстық көптеген бөлме гүлдеріне әсер етті.

Бүгін солған, өлуге айналған бөлме гүлдерін құтқарудың бірнеше қарапайым, шығынсыз және тиімді әсері бар жолдарымен бөлісеміз.


Қосымша суғару

Гүлдерге уақтылы су құйылып тұрса да, ауырып қалады. Ондай кезде гүлдерді жарық, өкпек желсіз бір жерге жинап ортаға шелек немесе шара секілді үлкен ыдысқа су құйып қоямыз. Одан кейін әр гүл ыдысынан ортадағы суы бар ыдысқа жететіндей жіптер дайындап алу керек. Әр жіптің бір ұшын гүлдің түбіне көміп, жіптің екінші ұшын ортадағы су толы ыдысқа салып қою керек. Осылайша гүлдер өзіне қажетті ғана суды ала отырып тез ес жинай бастайды.


Тарақта қалған шаш та жақсы көмектеседі

Егер гүлдер мүлде солып құрып бара жатса, онда оларды шаштың көмегімен құтқарып алуға болады. Бұл тәсіл бір қарағанда қиял сияқты көрінеді. Алайда бұл қарапайым химия.

Яғни, шаштағы азот бөлме гүлдерінің тез қайта қалпына келуіне көмектеседі. Ол үшін бар болғаны тарақтағы түскен шаштарды жинап алып домалақ жасап, ыдыстағы гүлдің топырағына көму керек.


Қарапайым қара қарындаш зиянкестерден құтқарады

Жасыл өсімдіктердің сыртқы бейнесіне ғана емес, толықтай құрып кетуіне әсер ететін жағдайдың бірі – зиянкестер. Ал осындай зиянкестерден оңай құтылудың ең оңай, қарапайым жолы кәдімгі қара қарындаш. Қара қарындаштың ұшын шығарып, шыққан жаңқаларды гүлдің астына, топырақтың бетіне толықтай жазып шығу керек. Бұл зиянкестерді үркітеді.


Шіріген тамырларды құтқару

Егер, күтімі дұрыс әдемі болып тұрған бөлме гүліңіз жаймен жапырақтары түсіп сола бастаса, онда тамыр жағына назар аударыңыз. Тамырдың жоғары бөліктерінен шірудің белгілері байқалса, онда тезірек қолда бар заттармен оңалту жұмыстарына кіріскен дұрыс. Ол үшін сутек асқын тотығы мен суды бірдей мөлшерде құйып гүлдерді суғару керек. Нәтижесі 1-2 күнде-ақ байқалады.

Қажет болған жағдайда 5 күннен кейін қайта қайталауға болады. Тамырдың шіруі көп ретте гүлдерді артығымен суғарғаннан болады. Ыдыстағы топырақта ылғалдың шектен тыс екені топырақтың беткі қабатындағы ақ тұздар немесе көгеріп тұрғанынан білінеді.


Қолдан тыңайтқыш жасап беру керек

Ауырып тұрған гүлдерді тыңайтқыш беріп қалпына келтіруге болады. Ол үшін арнайы гүл дүкенін аралап тыңайтқыш іздеудің қажеті жоқ. Құтқарушы тыңайтқыш орнына күрішті пайдаланып, қолдан жасауға болады.

Ол үшін аз ғана күрішті сумен жақсылап араластырып алу керек. Ақ түске айналған бұлдыр суды мұз қатыратын ыдысқа құйып мұздатқышқа қойып қатырып алу керек. Кейін бір түйірден әр гүлдің түбіне салу қажет. Күріштегі крахмал гүлдердің ес жиып өсуіне жақсы көмектеседі.


Жұмыртқа қайнатқан су

Бөлме гүлдеріне жақсы көмектесетін тәсілдің бірі – оларды жұмыртқа қайнатқан сумен суғару. Жұмыртқаны қайнатып, одан шыққан суды салқындатып гүлдерді суғару қажет. Бұл тәсіл гүлдің өзіне келуіне көмектеседі. Сондай-ақ топырақтағы микробтар мен зиянкестерді жояды.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: СУПЕРжелім мен АС СОДАСЫ кез-келген затты желімдейді


Піспеген қызанақтарды БАНАН тез қызартады