Бөлме гүлдерінің ЖАПЫРАҒЫ ҚАРАЙЫП кетсе, НЕ ІСТЕУ керек?

0
12 755

Түбі ылғал болып тұрса да, гүлдің топырақтан жоғарғы жағына ылғал жетіспеуі мүмкін.


Бөлме гүлдерінің ЖАПЫРАҒЫ ҚАРАЙЫП кетсе, НЕ ІСТЕУ керек?

Қыс айларында бөлме гүлдерінің көпшілігі бір аурумен ауырады, яғни олардың жапырақтарының ұшы қарайып, қурайды. Бұл гүл өсірушілердің көпшілігіне таныс жағдай. Жапырақ ұшының қурап, қараюының бірнеше себебі болуы мүмкін. Егер мәпелеп өсіріп отырған гүлдеріңіздің жапырағында осындай мәселе туындаса, онда төмендегі кеңестерді қажеттеріңізге жаратыңыз!


Құрғақ ауа немесе ылғалдың жетіспеуі

Қыс мезгілінде үйге жылу қосылғандықтан көбіне бөлмедегі ауа құрғап кетеді. Бұл үйдегі өсімдіктерге түгелдей әсер етеді. Тіпті оған мол етіп су құйғанмен, түбі ылғал болып тұрса да, гүлдің топырақтан жоғарғы жағына ылғал жетіспеуі мүмкін. Соның салдарынан жапырақтардың ұшы қарайып, қурай бастайды.


Мұндай жағдайды болдырмаудың бірнеше шешімі бар

  • Ең алдымен гүл қондырылған ыдыстарды жылу көзінен алшақтату керек. Яғни батарея, пеш т.б жерлерден алыс қойған дұрыс.
  • Қазір көп жерде жылыту жүйелері еден астына (теплый пол) орнатылатын болған. Мұндай жағдайда гүлдерді мүмкіндігінше бір жерге жинастырып (арасын тым жақындатпаған дұрыс) қасына ыдысқа су құйып қойған жөн. Ыдыстағы судың булануы ылғалдың жоғарылауына әсер етеді.
  • Бүріккіштің көмегін пайдалануға болады. Онымен 2-3 күнде бір гүлдердің жапырағына су бүркіп тұру керек. Бірақ бұл барлық өсімдіктерге жаға бермейді. Мысалы, қазтамақ (герань), шегіргүл (фиалка) секілді жапырағында түгі бар өсімдіктерге су бүркудің қажеті жоқ.

Сапасыз судың салдары да жапырақтың қараюына себеп

Көп өсімдіктердің қурап қалуының негізгі себептерінің бірі – судың сапасыздығы. Көбіне гүлдің түбі құрғап тұрғанын көріп, шүмектен алынған суды тікелей құя салып жатамыз, алайда бұл дұрыс емес.


ШЕШІМІ:

  • Өсімдіктерді суғару үшін міндетті түрде сүзгіден өткен, тұндырылып қойылған немесе қайнатылған су қажет. Сондай-ақ қысқы мезгілде суды жылы етіп құйған дұрыс.
  • Еріген қар суы да өсімдіктерге жақсы әсер етеді. Алайда оны жаңа жауған және таза қардан алу керек.


Зиянкестердің әсері

Қыста тек қана су мен құрғақ ауа ғана емес, сондай-ақ түрлі зиянкестер де жапырақ ұшының қурап, оған қара дақтар түсуіне себеп болады. Көзге көрінбейтін зиянкестер өсімдіктің топырақтан алатын қажетті заттарын алуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан алдымен оның тамыр жағы, содан кейін жәймен жапырақтары қарая бастайды. Жапырақ ұшының қарайып, қурай бастауы нақты зиянкестен болғанын жапырақтағы дақтардан білуге болады. Яғни дұрыс суғармау мен құрғақ ауадан жапырақ ұшы ғана қарайып, қурай бастаса, зиянкес түскен өсімдіктерде осыған қоса жапырақтың әр жерінен қара дақтар қосылады.

ШЕШІМІ:

Мұндай жағдайда бірден гүлдің топырағын ауыстырған дұрыс. Жаңа топырақты пешке қыздырып алу қажет және гүлді сол ыдысқа қайта отырғызатын болсаңыз, онда ыдысты марганец ерітіндісімен жуып, тазарту керек. Сондай-ақ гүлдің тамырын да әлсіз марганец ерітіндісіне салып шайып алу қажет. Дүкеннен арнайы сол гүлге арналған зиянкес жоятын дәріні алып, топыраққа отырғызғаннан кейін бірден құйған дұрыс. Кейін тағы зиянкестер қалып кетпес үшін екі-үш аптадан кейін дәріні қайта құясыз.


Жапырақ ұшының қараюына тағы бір себеп – ыдыстың кіші болуы. Кейде гүл тамырлары ыдыс ішіне сыймай, топырақтың бар құнарын жеп қояды. Салдарынан қанша су құйып баптасаңыз да жапырақтары қарайып, қурай бастайды.


Кейде мұндай жағдайға бөлме температурасының жоғары болуы да себеп болып жатады. Тропикалық өсімдіктер болмаса басқа гүлдер жоғары температураны аса ұната бермейді. Сондықтан бөлме температурасы 25-27 ден асып кетсе, гүлдерді шамалы салқын бөлмеге ауыстырған дұрыс. Себебі ыстық ауадан гүлдердің жапырағы тек қурап қана қоймай, мүлде өліп қалуы мүмкін.


Жапырақ ұшының қараюының тағы бір ерекше себебі – өкпек жел. Гүлге бар жағдайды жасасаңыз да өкпек желдің жолында тұрған өсімдіктер бірден қарайып, сола бастайды.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарайды деген сенімдеміз.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ


Ұқсас мақалалар:


Бөлме гүлінің ЫДЫСЫНДАҒЫ ТЕСІКТЕР не үшін керек?


Үйіңізде "ДОЛЛАР АҒАШЫН" өсіре алмай жүрсіз бе?