Бұрандалы қақпақ ашылмай әуреге салса МЫНА тәсілдерді пайдаланыңыз

0
2 786

Банканың қақпағын шаш кептіргіш немесе жабысқақ таспамен (скотч) оңай ашуға болады.


Бұрандалы қақпақ ашылмай әуреге салса МЫНА тәсілдерді пайдаланыңыз

Жаздай қысқы азық ретінде дайындаған шыны құтыдағы тосап, салаттардың алды ашыла бастаған болар. Мұндайда кейде қаттырақ жабылған бұрандалы қақпақтар ашылмай әбігерге салатыны бар. Әсіресе балаларға таңғы асқа ұсынатын тәтті тосаптар көп ретте бұрандалы қақпақпен жабылады. Бұл әрине ұсақ-түйек көрінгенімен қажет кезде біраз әурелейтін дүние. Төменде бұрандалы қақпақты қауіпсіз әрі оңай ашудың бірнеше әдіс тәсілін ұсынамыз.

Жабысқақ таспамен (скотч) оңай ашуға болады

Банканың нығыздалып ашылмай қалған қақпағына жабысқақ таспаны жартылай жапсырып, мықтап тарту қажет. Егер қолыңызда мықты жабысқақ таспа емес жұқасы болса оны бірнеше рет (3-4) қабаттап алған дұрыс.

Резеңке қолғаптардың көмегі

Көп ретте қақпақтар қолдан тайып, сырғанап ашылмай жатады. Сондықтан ондай кезде шыны ыдысты қақпағымен бірге жақсылап сүртіп немесе азыққа арналған үлдірмен (пищевая пленка) орау қажет. Содан кейін резеңке қолғап киіп бұрап ашу керек.

Егеуқұм қағазын (наждачная бумага) пайдалану

Қақпақты оңай ашу үшін егеуқұм қағазын пайдаға асыруға болады. Ол үшін жоғарыда айтылған резеңке қолғап әдісін қайталап, қолғап орнына егеуқұм қағазын қолдану керек. Шыны ыдыстың қақпағына тура келетін егеуқұм қағазын кесіп алып, бүдірлі бетін төмен қаратып қақпақты бұрап жібересіз.

Ыстық сумен ашуға болады

Бұл тәсіл көп ретте тосап пен бал құйылған ыдыстардың қақпағын ашуға пайдаланылады. Қақпаққа жабысып желімдей болып қалған тәттіні тек ыстық су ғана жақсы ерітеді. Ол үшін алдымен ыдысқа су қайнатып алу керек. Қайнаған суды үлкен ыдысқа құйып, шыны ыдысты төңкеріп ұстап, қақпағын ыстық суға батыру керек. Ішіндегі дүние ысып, жылып кетпес үшін шамалы батырған соң шығарып қайта батырып, осылай 3-4 рет қайталау керек. Құрғақ сулықпен сүртіп, бұрасаңыз оп-оңай ашылады.

Пышақтың көмегіне де жүгінуге болады

Ол үшін пышақтың сабымен қақпақтың бүйір тұсын жәй-жәй ұрғылап шығу керек. Содан кейін ашуға болады. Тек пышақпен жұмыс жасағанда қауіпсіздікті де ұмытпаған жөн. Шыны ыдыс сырғымайтындай жерде тұруы тиіс және қолыңыз бен пышақ су немесе май болмағаны дұрыс.

Шыны ыдысты домалатып, қозғап ашу

Қақпақты бұлай ашу аздап ептілікті қажет етеді. Ол үшін шыны ыдыстың қақпағы тұрған жағын үстелге қойып, төменгі бөлігін бір қолмен бірдей қалыпта ұстап тұрып, екінші қолмен дөңгелетіп, ары-бері айналдыру керек. Қақпақтан тырс еткен дыбыс естілгенде ыдысты орнына қойып аша беруге болады.

Өсімдік майының көмегі

Алдымен ашатын ыдысты төңкеріп қақпағын төмен қаратып қою керек. Ақырын 2-3 тамшы майды қақпақ пен шыны ыдыс арасына тамызу керек. Сол тұрысында 5 минутқа қалдырып, майдың қақпақтың барлық жеріне айнала жетуін қадағалау керек. Уақыт өткен соң ыдысты оңынан қойып, қақпағын ашып алыңыз.


Шаш кептіргіш (фен) құралды пайдаланыңыз

Қақпақты ашудағы қауіпсіз әрі оңай әдістердің бірі. Ол үшін шаш кептіргішті ыстық баптауына қойып алып, қақпақты ысығанша қыздырып шығу керек. Ашқанда қол күймес үшін майлық немесе қолғап пайдаланған дұрыс. Қақпақты суытып алмай ыстықтай ашқан жөн.

Әрдайым шыны ыдысты сағат тілімен, ал қақпағын қарама-қарсы бағытта бұрау керек. Ешуақытта шыны ыдысты екі аяқтың ортасына қойып ашуға болмайды. Сондай-ақ көп күш салудың қажеті жоқ. Тоңазытқыштан алынған немесе салқын сарай мен жертөледен келген шыны ыдыстардың қақпағын бірден ашуға тырыспаңыз. Ең болмағанда бөлме температурасына дейін жылыну керек.


Керек кеңес қажеттеріңізге жарасын!

Тағы оқыңыздар: Бақша мен бөлме гүлдеріне арналған тыңайтқышты оңай жасап алуға болады.

Дайындаған: Эльмира Абилханқызы

ERNUR.KZ.