Кондиционерді өзіңіз де тазалай аласыз

0
10 352

Арнайы мамандар қызметіне аз ақша сұрамайтыны белгілі. Сондықтан, білекті сыбанып өзіңіз-ақ тазартып тастауыңызға болады.


Кондиционерді өзіңіз де тазалай аласыз

Кондиционер немесе қазақша айтқанда, ауа баптағышты қазір көптеген үйлерден, дүкен мен салон, мекемелерден және т.б. жерлерден кездестіруге болады. Оның көмегімен бөлмедегі ауа салқындатылады және сүзіледі. Бірақ кондиционер уақытында тазаланып тұрмаса, оның денсаулыққа тигізер әсері қауіпті болатынын біреу білсе, біреу біле қоймас. Себебі лас сүзгіштен үйде шаң, микробтар және зең бөлшектері таралады.

Негізі кондиционерді тез-ақ тазартып беретін арнайы мамандар бар, бірақ олардың бұл қызметі арзан емес. Егер сіз бюджетті үнемдегіңіз келсе, онда оны өзіңіз де оп-оңай тазалап алуыңызға болады.


Кондиционер сүзгісін қалай жуу керек?

  • Ең алдымен, сыртқы қақпақты көтеру керек. Қақпақтың екі жағынан ұстап бірдей баяу өзіңізге тартыңыз, содан кейін жоғарыға көтеріңіз.
  • Содан кейін төменгі сүзгіні алыңыз. Ол үшін сүзгіні жай ғана көтеріп, одан кейін төменге қарай басып өзіңізге тартып алыңыз.
  • Жоғарыдағы сүзгіні де осы әдіспен аласыз.
  • Енді шешіп алған сүзгілерді тазалауға кірісеміз. Ол үшін алдымен кір сабынды суға көпіршітіп аламыз. Содан кейін сол сабынды суға сүзгіштерді салып жарты сағат шамасында жібітіп қою керек. Әбден жібіген сүзгішті ағын суға немесе себезгінің астына жақсылап шайып алып, кептіріп қою керек.
  • Сүзгілер құрғағанша, кондиционердің корпусындағы кірді тазалау керек. Мұны жиһазға арналған саптамасы бар шаңсорғышпен жасаған ыңғайлы немесе кәдімгі ылғалды шүберекпен сүртіп тазалауға да болады.
  • Сүзгілер жақсылап құрғағаннан кейін, оларды ақырын орнына қою керек.


Кондиционердің басқа элементтерін қалай тазалау керек?

Агрегаттың қалыпты жұмыс істеуі үшін сүзгілерді ғана жуу жеткіліксіз, басқа да бөлшектерді тазалау қажет.

Радиатор. Радиатордың жұқа пластиналарындағы шаң мен кірді щетка немесе шаңсорғыштың көмегімен тазалау керек.

Желдеткіш.Қатты кірлеген, ластанған жерді сабын ерітіндісімен 15 минутқа сулап жібітіп қою керек. Содан кейін, кондиционерді ең аз қуатына қосу болады. Сонда жібіген кірлер өзі ағып түседі. Ал қалған қалдықтарды ылғалды шүберекпен жақсылап сүртіп аламыз.

Дренаждық түтіктер. Оларды ыдыс жууға арналған сұйықтығы бар сумен сүрту керек.


Сыртқы блок. Егер сыртқы блок қол жеткізу аймағында болса, онда оны шаңсорғышпен тазартып алу керек. Ең алдымен, жоғарғы корпусты алып, астында жиналған кірді сумен шайып аламыз. Тек ескеретін жайт, ыстық су қолданбаған жөн. Содан кейін ішкі бөлшектердегі шаңды да шаңсорғышпен немесе щеткамен тазалап аламыз. Соңында бөлшектерді дымқыл шүберекпен сүртіп, корпусты орнына қоямыз.

Кеңес: кондиционерді ластануына қарай жылына кемінде екі рет немесе одан да жиі тазалау қажет және барлық бөлшектерді бактерияға қарсы құралдармен дезинфекциялап тұрған дұрыс.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Үйде ЛИМОН өсірудің түк те ҚИЫНДЫҒЫ жоқ