Қыз-келіншектерге ШЫҒЫН ШЫҒАРМАЙ сыйлық жасауға болады

0
4 190

Сыйлықтың үлкен-кішісі, қымбат-арзаны емес, шын ниет және ақ көңілмен ұсынылғаны маңызды!


Қыз-келіншектерге ШЫҒЫН ШЫҒАРМАЙ сыйлық жасауға болады

Алдымызда көктемнің көрікті мерекесі 8 Наурыз да жақындап қалды. Ал мереке жақындаған сайын әсіресе ер-азаматтардың біраз әуре-сарсаңға түсетіні бар. Жұмыстағы қыз-келіншектерге бір, үйдегі анасынан бастап жұбайы, қарындасы, қала берді қызын да сыйлықпен қуанту қажет болары анық. Сондықтан жігіттер қауымының қалтасына салмақ салмайтын, қарапайым қолда бар заттардан жасауға болатын, бірақ сыйлық алған жанның көңілінен шығатын ерекше нұсқаларды ұсынамыз.


Жарықшам. Мұндай жарықшам жасау үшін шебер болудың қажеті шамалы. Қазір кез-келген үйден қажетсіз дискілер мен жаңа жылдан қалған диодты тізбек шамдары оңай табылады. Бұған қосымша ыстық желім қажет. Ендігі қалғаны дискілерді бір біріне суреттегідей немесе қиялыңызға қарай жапсырып, ортасына диодты тізбекті салып жіберсеңіз болғаны. Әдемі әрі ерекше сыйлық! әсіресе жас сәбиі бар, жарықсыз ұйықтай алмайтындар үшін қажет-ақ дүние.



Асхана құалдарына арналған сауыт. Мұның да жасалу жолы өте оңай, әрі кететін шығын мөлшері де өте аз. Ол үшін: салат жасағанда босап қалатын биіктеу қалбыр ыдыстар, бояу (өзіңіздің қалаған түсіңіз), кішкене ағаш тақтайша және бұрама шеге. Тақтайша мен қалбырларды кез-келген бояумен, шөтке арқылы немесе аэрозольді бояумен сырлауға болады. Кеуіп дайын болған құтылардың ауыз бетін балғамен ұрғылап, қолды жырып сырмайтындай етіп алу керек. тақтайшаның екі бетінен құтылар бұрандалы шеге арқылы бекітіледі. Мұндай өзгеше сыйлық асхана ханшайымын қуантатыны сөзсіз!


Жайлы, жұмсақ орындық. Қазіргі уақытта сусыннан босаған пластмасса бөтелкеден (баклашка) көп нәрсе жоқ. Орындықтың көлемін жобалап алған соң, шереден (фанера) бірдей екі дөңгелек жасау керек. Екі литрлік бірнеше пласмас бөтелкені кескен дөңгелектің бірінің үстіне қойып, доңгелек жасай тізіп алу қажет. Әрбір дөңгелек жасаған сайын пласмас бөтелкелерді бір-біріне жабысқақ таспамен (скотч) орап отыру керек. Пластмасса бөтелкені дайындап болған соң, асты-үстіне кесілген шерені қойып, қайта жабысқақ таспамен жақсылап бекітеміз. Бекітілген бөтелке орындықтың сыртын синтепонмен жабамыз. Синтепонның сыртын әдемі түстегі матамен қаптаймыз. Міне, керемет жұмсақ орындық дайын!


Пластикалық құбыр сөресі. Үйге жылу немесе су кіргізген кезде жарамсыз қалып қойған пласмас құбырлардан керемет сөре жасауға болады. Ол үшін үлкенді -кішілі кез-келген пластмасса құбырды ұзындығын біркелкі етіп кесіп алу керек. Ал аэрозолді бояу арқылы қалаған түсіңізге бояп ала бересіз. Қазір көбіне алтын түстестер сәнде. Бұл жерде де көмектесетін ыстық желім және сөрені қатыруға бөтелкеде тесік жасау үшін бұрағыш қажет болады. Дәл суреттегідей.


Сәндік гүлдер. Құлақ тазалағышты алып, ортасынан екіге бөлеміз. Сорғышты (губка) дөңгелектеп кесіп, соған құлақтазалағышты қадаймыз. Жасыл дәріні (зеленка) аздаған суға тамызып, араластырып алу қажет. Дайын шар пішіндерді жасыл суға айналдыра тигізіп аламыз. Сабағы үшін ағаш бұталары, қатты сым жарайды. Дайын әдемі гүлді кез-келген құмыраға немесе суреттегі секілді бөтелкеге салып сыйлауға болады!

Сыйлықтың үлкен-кішісі, қымбат-арзанында емес мәселе..., маңыздысы - шын ниет пен көңіл! Әрбір жасаған дүниеңіздің жанына ашықхатқа шынайы тілек жазып қоюға болады.

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ