Мерекеге арналған асты бір апта бұрын пісіріп қоюға болады

0
3 817

Мереке күні бәріне үлгеру үшін кейбір тағамдарды алдын ала дайындап, пісіріп қоюға болады.


Мерекеге арналған асты бір апта бұрын пісіріп қоюға болады

Жаңа жыл алдындағы соңғы күндер қарбаласқа толы болатыны анық. Ескі жылдың соңында жұмыс та көп, балалардың шыршасы, үйде атқарылатын шаруалар т.б. Сондықтан мереке алды аласапыран тіршілікке толы болмас үшін кейбір шаруаларды алдын-ала істеп тастауға болады.

Әрине, мереке алдында үй жиналып, қажетті заттар алдын ала алынатыны белгілі. Ол жердегі қыз-келіншектердің басты мазасын алатын шаруа - дастархан жаю. Яғни, мерекеде ерекше дастархан жаятын болғандықтан көп нәрсені пісіріп, жасап үлгеру қажет, сондықтан өздеріне қарауға уақыт табылмай жатады.

Алайда дастарханды да жайнатып тастап, тамақты да пісіріп, өзіңізді ретке келтіріп алуға да уақыт табуға болады. Ол үшін кейбір тағамдарды толықтай немесе қажетті қоспаларын алдын ала дайындап мұздатқышқа салып қоя аласыз. ERNUR.KZ үй-тұрмыс айдарында алдын-ала не дайындауға болатыны жөнінде кеңес береді.


Салаттарға дайындық жасау

Бір апта алдын шамасында салтқа қосылатын көкөністерді қайнатып, пісіріп мұздатқышқа салып қоюға болады. Оларға картоп, сәбіз, қызылша жатады. Аталған көкөністерді алдын ала пісіріп, суытып, әрқайсысын жеке арнайы ыдыстарға салып мұздатқышқа қою керек. Салат дайындайтыннан 1 күн бұрын мұздатқыштан шығарып, тоңазытқышқа қою қажет. Көкөністерді бүтін күйінде мұздату керек, турап салуға болмайды. Мұздатылған көкөністер пышаққа жабыспай әдемі туралады және құрамындағы қажетті заттарды да жоғалтпайды.


Ірімшік пен шұжық

Алдын-ала сыр мен шұжықты алып қоюға болады. Олар тоңазытқыштың өзінде-ақ жақсы сақталады. Ол жерде тек сақтау мерзіміне назар аударсаңыз жеткілікті.


Қамырдың түр-түрін дярлап қоюға болады

Негізі аспаздар мұздатқышта ашытылған қамырды сақтауға кеңес бермейді. Себебі ашытқы мұздатқыштан шыққан соң қамырды дұрыс көтермей, тап болып қалады дейді. Алайда бауырсақтың қамырын аз ғана қопсытқыш қосып ашытып алдын ала үш күн бұрын мұздатқышқа салып қоюға болады. Үш күн болу себебі ашытылған қамырды аталған күннен артық ұстауға болайды.

Ал қатпарлы (слоенное) қамырды екі-үш апта алдын дайындасаңыз да ештеңе етпейді. Қатпарлы қамыр көптеген пісірмелерге негіз бола алады.

Қазақтың дастарханын етсіз елестету мүмкін емес, оның үстіне қазір нағыз соғым уақыты. Сондықтан оның да қамырын жайып, шамалы кептіріп, кесіп қоюға болады немесе пісіріп нарын етіп турап еті мен қамырын бөлек арнайы ыдыстарға салып қойсаңыз, дайын ас болып шыға келеді.

Ет тағамдары

Ет жақсы пісу үшін бірнеше сағаттар қажет. Қарбалас кезде пісірілген ет те біраз уақытты үнемдеуге әсер етеді. Піскен етті мұздатқышта 2-3 апта көлемінде ұстауға болады. Сондықтан қазы-қарта, жал-жая сияқты етті қайнатып пісіріп, арнайы ыдысқа салып мұздатқышқа қоя салыңыз. Дәл осы еттен, тағамнан өзге бірнеше түрлі салатқа қоспа да алуға болады.

  • Етті қуырып та мұздатуға болады. Қуырдақтың етін артық ештеңе қоспай пісіріп алып, арнайы ыдыста мұздатқышқа қоямыз. Кейін ас даярлағанда еттің үстінен көкөністерді салып қуырып аласыз.
  • Тұшпараны да түйіп, шамалы кептіріп ыдысқа салып тоңазытқышқа сала салу керек.
  • Тартылған еттен котлеттер жасап тоңазытып қоя аласыз. Бұлар да тоңазытуға құнарын жоғалтпай ұзақ шыдайды.
  • Құс еті мен балықты да мұздатқышқа алдын ала даярлап қоя аласыз. Негізі бұл екеуі онсыз да мұздатылып сатылады, сондықтан сатып алған кезде сақтау мерзіміне қарауды ұмытпаңыздар!


Тоқбасарды да алдын ала дайындап қоя аласыз

Тоқбасарсыз мерекеге сән кірмейді. Дайындауы ұзақ уақыт алатын болғандықтан 2-3 күн алдын пісіріп мұздатқышқа салып қойсаңыз, мереке күні абыр-сабыр болмайсыз. Тек тоңазытуға тәтті балкүлшенің барлық түрі жарай бермейді. Мұндайға түрлі чизкейк, суфле дайындауға болады. тәттілер дәмі мен түрін бұзбай сол күйі сақталу үшін ыдыста ылғал болмауын қадағалап, аузын жақсылап бекіту керек. Дастарханға қоярдан алдын тоңазытқышқа қойып жәй еріткен дұрыс.

Маңызды:

  • Кез-келген азық-түлікті жақсылап, мұқият орау керек;
  • Мұздатқышқа тек қана ірі бөліктерді немесе бүтіндей салған жөн. Ұсақтап турауға болмайды;
  • Мұздатқыштан алған кезде сыртындағы пакетін, ыдысын алмай асықпай еріту қажет;
  • Мұздатқыштағы заттарды пайдаланардан алдын 12 сағат бұрын тоңазытқышқа ауыстыру керек.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,