Мысықтың жолыңды кескені - кесір емес, қауіп-қатерден сақтағаны

0
15 046

Мысық - тышқан аулағыш қана емес, денсаулық емшісі, тылсым беймәлім құбылыстардан қорғаушы үй-жануары.


Мысықтың жолыңды кескені - кесір емес, қауіп-қатерден сақтағаны

Біз тек тышқан аулағыш ретінде көретін мысықар, Еуропа елдерінде аса құрметке ие. Тіпті көптеген елдерде арнайы мысықтар күні белгіленген. Мысалы, көрші Ресей елінде 1наурыз, Польшада -17 ақпан, Жапондарда - 22 ақпан күні тойланатын болса, АҚШ елінде бұл 29 - қазан күніне бекітілген. Ал, халықаралық деңгейде атап өту 2002 жылдан бастап, 8 тамыз етіп белгіленген.

Ал енді осы аталмыш үй жануары турасында Сіз бен біз білмейтін кейбір жағдаяттарынан хабардар болып жүріңіз.

Жер бетінде тек қана мысықтардың сексенге жуық түрлері тіршілік етеді. Олар түр түсі, мінез - дағдысы, көз жанарының түсі және басқа да белгілері бойынша ажыратылып, аталады.

Бірқатар халық емшілерінің баяндауынша, мысық иесінің қай жері ауырса, сол жерге барып жататын көрінеді. Және де мысықтардың кейбірі иесінің ауырған жерін ақырын тырналап емдесе, екіншілері олай массаж жасамай - ақ, сол жерде жатқан күйі оған бойындағы қуатымен әсер етіп, шипасын сыйлайды екен. Бұрындары халық емшілері мысық бойындағы шипагерлік қасиетті жақсы біліп, оны іс - тәжірибеде пайдаланған. Қазіргі медицинада «анималтерапияның» бар екені, бұл саланың жылдан - жылға дамып келе жатқаны мысықтың емдік қасиетіне басты дәлелдердің бірі болса керек.

Сондай-ақ, мысықтың биоөрісі жүректің жұмысын қалпына келтіреді, қан қысымын реттейді, бас ауруын жазады, ол үшін мысыққа жақын болып, оны бір пәс болса да сипап қою қажет, әрі бойдағы теріс қуаттарды да сүзіп алады. Аниматерапевтердің дәлелдеуінше, мысықтың пыр - пыр еткен үнінің өзі адамдарға шипалы. Мысықтың мияулаған дауысы – 20-25 герцке дейін жететін дыбыс толқындары болғандықтан, бұл мөлшердегі дыбыс диапазоны адам жарақатының тез жазылып кетуіне, сынған сүйектің тез бітуіне өте жақсы әсер етеді. Ол тіпті, ағзаның иммунитеттік жүйесін күшейтіп, адам өмірін ұзартатын болып шықты. Тіпті, мысықтың мамық терісін бірнеше минут сипаған адамның инфаркт, инсульт алу қаупі азаятын көрінеді.

Бір мысық 1-ден 7-ге дейін балалайды, балалары көзін 7-10 күн толғанда барып ашады, есейгенше енесінің сүтімен қоректенеді. Үй мысықтары бір жылда 2 рет, ал кейбір ерекше түрлері 4 рет балалайды.

Үй мысығы таза хайуан болғандықтан, оның табиғи қажеттілігі үшін, пәтерде немесе үй ішіне құм, топырақ салынған жәшік қойып, оны уақтылы ауыстырып отырған абзал.

Мысықты тамақтандыруда, ересек мысықтар тәулігіне 1-2 рет тамақтанады. Тамақ мөлшері 150-200 грамм болуға тиіс. Үй мысығының негізгі тамағы: ет (мүмкіндігінше шикілей), балық, сүт. Ет тағамдарының ішінде мысыққа пайдалысы: ішек-қарын, бауыр, жүрек. Мысықты нанға, сорпаға, ботқаға, шикі көкөніске, жеміске жастай үйретсе, оңай болады. Мысықтың балаларына туылған соң 20 күннен кейін сиырдың сүтін жылытып беруге болады. Мысыққа етті тамақты ірімшікпен де ауыстырып береді. Көкөністерді берерде ет турағыштан өткізеді. Қазір дүкендерде мысықтарға арнап жасалған көптеген тағам түрлері де жетерлік.
Мысық балалары жұқпалы аурулармен жиі ауырады. Яғни олар ауырғанда көздері жасаурайды, ыстығы көтеріледі, лоқсып құсады, тышқақтайды. Оның ауыр түрлері мысықтың өліп қалуына әкеліп соқтырады.

Мысықтан адамға жұғатын қауіпті аурулар да бар: құтыру, қотыр жара, қышыма, ішек құрттары. Сол себепті мысыққа уақтылы вакцина еккізіп тұру қажет.

Алғашқы егу жұмыстары 2 айлық кезінен басталады. Ең бірінші ішек-құртқа/глисты «Дегельминтизация» вакцинасы салынады. Бұл егуді әр 3айда қайталап тұрған жөн. Кешенді және құтыруға қарсы егу жылына 1 рет, ал бүргелеу, кенелеуге қарсы қажеттілігіне қарай жүргізіліп отырған дұрыс.

Тағы бір айта кететін жайт, әлемнің әр еліндегі халықтар, мысыққа байланысты сан алуан салт-дәстүрлерді қалыптастырған екен. Мысалы, орыс халқы жаңа үйге, пәтерге қоныстанар алдында сол баспанасына әуелі мысықты кіргізеді. Мұндағы наным-сенім: мысық үйді тылсым күштерден тазартады.

Ал біз болсақ, мысыққа онша мән бермейтін, тіпті, пейілі таза емес деп білетін халықпыз. Жайсыз сөз айтып қалған адамға да «өзің бір мысық тілеу жан екенсің» деп айтып салтынымыз рас. Сондай-ақ қара мысық жолыңды кесіп өтсе, жолың болмайды деген сөзге де иланушы біз екенбіз. Бекер-ақ екен. Себебі, мысық біз ойлағаннан әлдеқайда ақылдырақ. Мысықтың алдыңды кесіп өтуі саған кесірін тигізейін дегеннен емес, керісінше, сені төніп тұрған қауіп-қатерден сақтандырып, сездіргені осылайша өзіңді қорғауға тырысқаны көрінеді. Тіпті, пайғамбарымыздың өзі шапанының етегінде ұйықтап жатқан мысыққа тимей, шапанын ойып қалдырған екен. Сондықтан да мысықты тек тышқан аулағыш ретінде емес, денсаулық емшісі, тылсым, беймәлім құбылыстардан қорғаушы деп қарасаңыз да болады.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ