Пешіңіз қысқа дайын ба? Жылыту қазандығын бір тексеріп алыңыз

0
1 837

Қысқа дайын етіп қоймасаңыз, қақаған суықта әбіржіп қалуыңыз әбден мүмкін.


Пешіңіз қысқа дайын ба? Жылыту қазандығын бір тексеріп алыңыз

Әне-міне дегенше күн де салқын тартып, күз босағадан сығалап тұр. Енді бар-жоқты қысқы мусымға дайындау қажет. Қыстың салқынына дайындықты ең алдымен үй ішінің жылыту қамын жасаудан басталса керек. Яғни отынын, көмірін түсіріп, пеш мұржасын тазартып, әрекет жасаймыз.

Бүгінде көпшілігіміз көгілдір отын жағып, газ қазандығын (котел) пайдаланатын болғанбыз. Ал оны тазалап, қысқа дайын етіп қоймасаңыз, қақаған суықта бүкіл жылыту жүйесін қатырып қоюыңыз мүмкін. Әрине газ қазандығын арнайы маманның қарағаны дұрыс. Бірақ кейбір істерді өзіңіз-ақ ретей аласыз. Ол үшін төмендегі кеңестерді қарап көріңіз.


Ең бірінші кезекте газ қазандығы мен жылу жүйесінде саңылау, тесіктердің бар жоғын тексерген жөн

Ол үшін жылыту жүйесіне сұйықтық құямыз. Ең алдымен газ қазандығының жылыту жүйесіне қосылған жерін және барлық бұрандалы жалғанған тұстарды көріп шығу керек. Еш жерде сызат болмауын қадағалау керек. Сызат болған жағдайда қазандықтағы манометр көрсеткіші түсіп кете беретін болады. Ал қайта-қайта түсіп кете беретін көрсеткіш, қазандықтың тез бұзылуына алып келеді.


Жылыту жүйесіндегі ауаны шығару керек

Егер жылыту жүйесі жабық болатын болса, онда ауа қысымын қазандықтың кеңейтілген бөшкесінен көру қажет. Көптеген қазандықтарда ол бөшке артында немесе жанында орналасады. Бөшкенің аузындағы қалпақты ақырын бұрап, машина дөңгелектерінің қысымын өлшейтін құрылғымен ауа қысымын тексеру қажет. Қалыпты ауа қысымы – 0,9 – 1 атм болуы тиіс. Егер қысым қалыпты жағдайдан төмен болса, онда үрлегішпен (насос) "қуып" алу керек.


Ескеру: Қазандықтың бөшкесіндегі ауа қысымын, жылыту жүйесіндегі барлық бекітпе крандарын жауып болған соң және қазандықтағы бар суды ағызғаннан кейін барып көру қажет. Егер жылыту жүйесі ашық болса, онда ішіндегі судың мөлшерін қарау керек, қажет болған жағдайда үстінен су құямыз.


Газ құбыры мен құрылғыға жалғанған құбыршекті (шланг)бір қарап, тексеріп шыққан дұрыс

Сабынды суды құбыршекке, жалғанған жерлерге жағып газдың шығуын тексеру керек. Егер сабынды суда көпіршіктер пайда болса, демек сол жерден газ шығып жатыр.

Түтіндіктің бүтіндігін тексеру қажет

Түтіндіктің жалғанған жерлерінде ешқандай саңылау, сызат болмауы керек. Сондай-ақ түтіндіктің желдеткіш жолының дұрыс жұмыс жасап тұрғанын, қазандықтың тұтататын тұсына қағаз немесе сіріңке жағып тексерген жөн. Егер түтіндік жақсы тартып тұрса, онда түтін ішке тартып кетеді, ал керісінше ішке тартпай, түтін сыртқа ұрса, демек түтіндік дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Мұндай түтіндікті пайдалануға болмайды.


Су мен газ сүзгілерін (фильтр) тазарту немесе ауыстыру

Қазандықтың қақпағы мен от жанып тұратын камерасының қақпағын ашып, ішін шаң-тозаңнан тазартып және шүмекті сүртіп қою қажет. Бұл заттардың таза тұруы, ыстың болмауы қазандықтың ұзақ қызмет жасауына септігін тигізеді.


Жылуалмастырғыштың сыртын ыстан тазарту қажет

Жылу жақсы болу үшін жылуалмастырғыштың қабырғалары әрдайым таза болуы керек. Тазарту сапалы болу үшін, сабынды суға 15-20 минуттай ұстап тұру қажет. Щетканың көмегімен жылуалмастырғыш қабырғаларының асты-үсті тазартылып алынады. Соңынан суды қатты ағызып, соған шайып алу керек.

Желдеткішті кір мен шаңнан тазарту

Жылу қазандығын бірнеше жыл толық техникалық қараудан өткізбей жұмыс істетсе, онда оның желдеткішінде мәселе туындауы мүмкін. Сондықтан желдеткішті жылда ұмытпай тазартып тұру қажет.

Соңынан жылу қазандығына жалғанатын барлық құбыршек пен құбырларды мұқият тексеру керек.


Еденге қойылатын жылу қазандықтары

  • Жылу қазандығын және оның тұратын орнын үнемі шаң-тозаңнан таза ұстау қажет. Қазандықтың жоғары жағын жұмыс істемей тұрғанда, салқындаға нкезде сүрту қажет.
  • Газ жанарғысын (горелка) көзбен шолып шығып, тұтатып көру керек. Жанып тұрған газда оттың жалыны көгілдір түсте болуы тиіс. Ал кір басқан, тотыққан газ жанарғысындағы жалын түтеп, сарғыш тартады. Мұндай газ жанарғысын пайдалану қауіпті. Сондықтан оны темір щеткамен, ысқышпен ыстан тазартып, содан кейін пайдаланады.

Жылыту қазандықтарын қысқы мезгілге дайындауда біздің кеңестер сіздердің қажеттеріңізге жарайды деген сенімдеміз. Тіпті болмағанда шақырған маманның не жұмыс жасап жатқанын біліп, бақылай аласыз!

Тағы оқи отырыңыз: ЖҮЗІМ піспей жатып шіри бастаса СОДА пайдаланыңыз

Ішімдіктің әсерін басатын дәрі суағарды 5 минутта тазартады


Дайындаған: Базарбаева Э.

ERNUR.KZ.