Сауда жасағанда АЛДАНЫП қалғыңыз келмесе, МЫНАНЫ біліп алғаныңыз жөн

0
3 047

​15 наурыз- Бүкіләлемдік тұтынушылар құқығын қорғау күні. Бұл күн әлемнің көптеген мемлекеттерінде аталып өтіледі. Тұтынушы - Әрбір адам тұтынушы болып есептеледі. Өйткені біз күнделікті азық-түлік, киім –кешек т.б. сатып алып жатамыз.


Сауда жасағанда АЛДАНЫП қалғыңыз келмесе, МЫНАНЫ біліп алғаныңыз жөн

Көптеген сатушылардың сүйікті қағидасына айналған сөз - «алдамасаң – сата алмайсың!». Мұнда аз да болса шындық бар. Себебі базар, дүкендер, сауда орындары, интернет дүкендердің өз сатып алушыларымен ара қатынасының бір бөлігі азды-кем өтіріктен тұрады. Әрине, мұндай қулықты бпарлық сауда орындары қолданбайды деп үміттенеміз. Қазір базар мен сауда орындарындағы тауарлардың бағалары шамалас болғандықтан көпшілігіміз керегімізді сауда орнынан сатып алғанды ұнатамыз. Онда барлық заттың бағасы көрсетіліп қойған, көпшілігінде жеңілдіктер жүреді, сауда жасауға ыңғайлы т.б көптеген оң жақтары бар.


Бірақ, сауданың аты - сауда. Ендеше дүкендерде, сауда орындарында алданып қалмас үшін мыналарды біле жүргендеріңіз абзал.


  • Сатып алушының дүкендегі негізгі қағидасы – алдымен бағасы мен затбелгіге (этикетка) назар аудару. Көбіне сөреде тұрған заттың бағасы мен кассадағы соңғы баға бір-біріне сай келмей жатады. Тауардың бетіндегі баға көрсеткіш 2-3 түрлі болса, онда тауар жазылған бағаға сай болмай, сізді кассада тосын сый күтіп тұрған болуы мүмкін.
  • Сатып алушының екінші қағидасы – тауардың жарамдылық мерзіміне мұқият қарау. Әсіресе, сүт және ет өнімдерінің жарамдылық мерзімін ұзақ уақыт көрсетсе, оны алудың қажеті жоқ. Себебі олардың жарамдылық мерзімін көбіне сатушылар өзгертіп жазады. Оның үстіне мұндай азық-түліктер ұзақ сақталуы үшін барлық жағдай жасалған болуы тиіс.
  • Үлкен сауда орындарында міндетті түрде дайын салаттар, тіскебасар, ет пен балықтың дайын кесілген түрлерін сататын бөлімдері болады. Көп жағдайда сатушылар салаттарды әне -міне жарамдылық мерзімі біткелі тұрған азық-түліктерден жасап жатады. Бұл денсаулық үшін қауіпті.
  • Кесілген шұжықтардан гөрі бүтін шұжық алуға тырысыңыз. Себебі көп ретте кесу үшін жарамдылық мерзімі жақындаған шұжықтарды қояды және кесілгеннен кейін олар біршама жатып, құрғақ тартып қалып жатады. Шұжық сатып аларда алдымен сыртқы түріне баса назар аударыңыз. Біріншіден шұжықтың сыртына шығып тұратын ақшыл түстен қорықпау қажет. Бұл шұжыққа қосылған кәдімгі тұздың әсері. Сырты тегіс жылтырап тұрған шұжыққа абайлап қараған жөн. Себебі кеуіп, ұзақ тұрып қалған шұжықты сатушылар сыртын өсімдік майымен майлап, жылтыратып, балғын рең беріп қояды.
  • Сауда орындары жариялайтын жеңілдіктерге ұқыппен қараңыз. Себебі жеңілдіктер көбіне жарамдылық мерзімі жақындаған таурларға жүреді. Сондықтан жеңілдетілген бағамен алатын тауар мен азық-түліктің мерзімі мен бүлінбегеніне мұқият көз жеткізу қажет.
  • Мұз үшін ақша төлеп жүрмеңіз. Әсіресе тауық еті мен балық сатып аларда артық ақшаны мұзға төлеп кетесіз, абай болмасаңыз... Тауық пен балық сырты қалың мұздан тұрғандықтан, 200-300гр мұздың салмағы үшін ақша төлейсіз. Егер мұздатылған тауар жанында ерітілген бірақ бағасы шамалы қымбаттауы тұрса, онда қымбатына қарамай соны алыңыз. Сонда ақшаны мұз үшін емес, тауар үшін төлейсіз.
  • Ұмытпаңыз! Қымбат тауарлар ең жоғары көзге бірден түсетін орындарда тұрады. Бұл дүкендердің қымбат тауарды тез арада сату үшін жасаған амалдары. Астыңғы сөрелер мен қатарларда арзан және жарамдылық мерзімі жоғары тауарлар орналасады. Ал ең шетте жарамдылық мерзімі бітуге таяу тауарлар орналасады. Сол тауарлардың астыңғы жағын қарауға ерінбеңіз, себебі жаңадан келген тауарлар ескінің астында жатады.
  • Тауарға берілген түбіртекті тастамаңыз және үйге келген соң міндетті түрде бір салыстырып өтіңіз. Егер тауардың жарамдылық мерзімі өткен, салмағы тура емес, бүлінген болып шыққан жағдайда қайта апарып ақшаңызды талап етуге немесе ауыстырып алуға құқығыңыз бар.
  • Сауда орындары көбіне абыр –сабыр адам көп уақытта алдап соғады. Кезектің көптігі шаршатып, ашу туғызатындықтан көп адам нақты бағаға мән бермей кассирдің айтқанын төлеп кете береді. Ал мұндайда кезектегі алдыңыздағы адамның тауарын сізге ұрып жіберуі мүмкін.
  • Кез-келген уақытта сауда жасардан алдын өзіңізге қажетті заттар тізімін жазып алуды ұмытпаңыз. Сонда сауда жасау да оңайырақ болады.

Егер сауда орындарында алданып, құқтарыңыз тапталып жатса, елімізде тұтынушылар құқығын қорғауға арналған заң бар екенін біле жүріңіздер.

Дайындаған: Базарбаева Э.

ERNUR.KZ.