ШИЕ ағашын ЕКСЕҢІЗ, үйіңізге БАЙЛЫҚ келеді

0
17 186

Ал алма ағашын қыз баланың бөлмесінің тұсына егу керек...


ШИЕ ағашын ЕКСЕҢІЗ, үйіңізге БАЙЛЫҚ келеді

Кез-келген жан үй салған соң айналасын көгалдандыруды қолға алатыны сөзсіз. Көп ретте ең бірінші жеміс беретін ағаштар егіледі.

Әдетте үй айналасына егілетін ағаштарды (жеміс ағашы болса да) ретімен, жөнімен, бір-біріне сеп болатындай етіп еккен жөн. Оның үстіне кейбір ағаштар адамның көңіл-күйіне, денсаулығына қатты әсер етеді екен. Бұл жағдай бұрындары халық арасындағы наным-сенімге байланысты болса, қазіргі кезде ғылыми түрде дәлелденген дүние. Үй жанына адамның жағымсыз энергетикасын өзіне тартып, оның орнын жағымды әсерге толтыратын ағаштар егуге кеңес етеміз.

Ендеше еккен ағаштар үйіңізге береке, бақыт, байлық шақырып, жағымды энергетика сыйласын десеңіз, төмендегі кішігірім кеңестерді ескере жүрсеңіз болады.


Шие – күй талғамайтын, күтімді аз қажет ететін жеміс ағаштарының бірі. Алайда өте әдемі гүлдеп, көктемде айналсын хош иіске бөлейді. Шие - молшылық пен байлықтың белгісі саналады. Ал Шығыс елдері бұл жеміс ағашын сәттілік тұмары деп есептейді. Сондай-ақ шие гүлдеген уақытта астында от жағылатын болса, онда байлық еселей түседі деген де сенім бар. Сондықтан шие ағашы байлық шақырып тұрсын, үйімде молшылық болсын десеңіз онда оны астына от жағылатын жерге, яғни кәуап дайындауға немесе жазда далаға ошақ қойып ас пісіретін жерге еккен жөн. Яғни, шиені бақшаның аяқ жағына, бір түкпірге емес, үй, сарай, жазғы асхана секілді жерге жақындау еккен дұрыс.

Шие ағашын көктемде бүршік жармай тұрып егу қажет. Ауа температурасы +5 градусқа жетсе (түнгі уақытта 0 ден жоғары) онда шиені еге беруге болады. Жердің толық қызғанын күтудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, биік өсетін ағаштардың әсіресе жаңғақ, алмұрт секілді жемістердің жанына егуге болмайды.

Кеңес: Шие ағашының көшетін бұлтты, желсіз күні еккен жөн.


Алмұрт- махаббат пен тұрақтылықтың және ұзақ өмірдің белгісі. Оны үйдің тура жанына еккен дұрыс. Алмұрттың жанына сүйекті ағаштарды егуге болмайды. Мысалы, қараөрік, шие, өрік жемістері алмұрт ағашының қасында өсетін болса, онда оның жеміс беруі азаяды және қышқыл тартып тәттілігінен айырылады, ұсақталып кетеді. Алмұрт ағашының жанына қарақат пен таңқурай еккен дұрыс.

Алмұрт ағашын жер жағдайына қарай наурыз айының ортасынан мамыр айына дейін еге беруге болады.


Кеңес: Алмұрт ағашының көптеген сұрыптары жалғыз өзі өте баяу және нашар өседі. Сондықтан алмұрт ағашының бірнеше сұрыпын қатар еккен жөн.



Алма ағашы – бұл жеміс ағашын славян елдері көбіне жас қыз жататын бөлме терезесінің тұсына егеді. Оның әдемілік сыйлайтын, өз-өзіңе деген сенімділікті күшейтетін және махаббатта сәттілік әкелетін, отбасылық өмірге шаттық сыйлайтын күшке ие деген сенім бар.

Алма ағашымен қатар жұпаргүл (сирень) бұтасын, шие, алша, шабдалы жемістерін егуге болмайды. Себебі шие ағашы алманың кесірінен өспей қалса, ал шабдалының тамыры жан-жаққа жайылып, алма ағашына қажетті топырақтағы барлық қоректі өзіне тартып алады. Ал алма ағашымен бірге айва, қызыл шие (черешня) егуге болады, тек арасын шамалы алыстау етіп еккен жөн.

Алма ағашын көктемде жер қатты қызбай тұрып-ақ,ауа температурасы +3 және +5 градусқа көтерілген соң еге беруге болады. Сондай-ақ егу жұмысын кешкі мезгілде жасаған жөн.


Өрік және шабдалы ағашы. Бұл екі жеміс ағашының энергетикасы өте ұқсас келеді екен. Екі жеміс те сұлулық пен махаббат энергетикасын береді. Өрік пен шабдалыны үй жанына, есік алдына егуге болады. Тек бұл екі жемісті бірге қатар егуге болмайды. Алайда мол өнім алып, жақсы өсуі үшін, сол жеміс ағашының басқа сұрыптарын бірге еккен дұрыс.


Өрік және шабдалы ағашының көшетін ерте көктемде, күн молынан түсетін жерге еккен жөн.




Жаңғақ – Қазақстанда көп ретте грек жаңғағы өсіріледі. Алайда біздегі кейбір нанымдарға байланысты көп жандар жаңғақ егуді қарияларға тапсырады. Себебі, жаңғақ еккен жан өлім құшады деген сенім бар. Мұндай сенімнің түпкі негізі ағаштың биологиялық ерекшелігінде болса керек. Жаңғақ ағашының жапырақтары фитонцид бөледі. ФИТОНЦИД – бактерияларды, паразиттерді, ұсақ саңырауқұлақтарды өлтіруге қабілетті өсімдіктер бөліп шығаратын биологиялық белсенді заттар. Оның аз мөлшері адам үшін зиянсыз, ал тал астында ұзақ отырып немесе жатып қалған жағдайда адамның басы ауырып, ұйқысы бұзылады.

Жаңғақ ағашын үйден алыстау етіп еккен дұрыс. Себебі жаңғақтың бойы 25-30 метрге дейін жетеді және ол 200 жылға дейін жасайтын ұзақ өмір сүретін өсімдіктер қатарында. Сондай-ақ оны үй жанына жақын егетін болсаңыз, оның шашыраңқы тамыры іргетасқа айтарлықтай зиян келтіреді, қалың жапырақтары үйге тек көлеңке түсіріп, бөлме іші зәктенуі мүмкін. Сонымен бірге жаңғақ ағашы айналасына жақын егілген барлық жеміс талдарын өсірмей, өнім бергізбей қоя алады. Сондықтан оны бақшаның шеттеу жағына еккен жөн және оның орнын ары бері көшірмейтіндей етіп белгілеу керек.

Жаңғақты егіп, оны келесі жылы басқа жақа көшірсеңіз ол орынға өзге жеміс ағашы түгілі шөп те өспей қалады. Жаңғақ ағашының көшетін көктемде еккен дұрыс.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.

Тағы оқи отырыңыз:


Тез тамырлап жайқалып өсу үшін ГҮЛДІҢ ыдысына ДӘН СЕБУ КЕРЕК