ШҰЖЫҚ таңдағанда ішіне ҚАЛДЫҚ ЕТ пен ШЕМІРШЕК қосылмағанын анықтап алыңыз

0
6 387

Егер кез-келген шұжықтың құрамы деген жерінде соя жазылған болса, онда оның ішінде сапалы ет болуы екіталай.


ШҰЖЫҚ таңдағанда ішіне ҚАЛДЫҚ ЕТ пен ШЕМІРШЕК қосылмағанын анықтап алыңыз

Қазіргі кезде шұжықтар ең көп тұтылатын азық-түліктер арасында 5-ші орынға ие екен. Сондықтан оны әрбір үйде тұтынады десек те болатын шығар. Асығыс кезде жеңіл, дәмді ас. Қонаққа жайылатын дастархан да шұжықсыз болмайды.

Шұжық қосылатын ас мәзірі де көп. Түрі өте көп болғандықтан нағыз пайдалы, сапалы, дәмді шұжықты таңдау да қиынға соғады. Ендеше сапалысын қалай таңдайды, соған назар аударайық.


Пісірілген шұжық (вареный)

Пісірілген шұжық тұздалған тартылған еттен жасалады. Оның құрамында еттің орнына соя және сүт пен жұмыртқа, су болуы мүмкін. Сақтау мерзімі – 72 сағаттан аспағаны жөн.


Пісірілген шұжықты таңдау кезінде неге назар аудару керек?

  • Сыртқы қаптамасы құрғақ және иілетін болуы қажет. Жаңадан дайындалған шұжықтың сыртқы қабығы ішіндегі тартылған етке жабысып тұрғаны дұрыс, ешқандай өзгеріс, дақ, ісіну болмауы тиіс.
  • Өндірушілер көп ретте табиғи етті "МОМ-ға" (механическая обвалка мяса/ сүйегінен айрылған ет) алмастырып жатады. "МОМ" – еттің қалдықтары мен тығыздалған сүйек. Тығыздап пресстеудің әсерінен мұның бәрі езбеге айналып кетеді де соямен араластырылады. Алайда көп өндірушілер қаптамаға "МОМ-ның" орнына ет деп көрсетсе, сояның орнына ақуыз деп жазады.
  • Таза, табиғи шұжықтың түсі піскен ет секілді сұрғылт тартып тұрады. Ал егер шұжық ашық қызғылт немесе қызыл түсте болса, онда оған түрлі бояғыштар мен химикаттар қосылған. Мүмкіндік болса шұжықтың бір кесегін екіге бүктеп қаттырақ басып көру қажет. Егер шұжық үгіліп, бөлініп жатса, оның құрамында крахмал немесе соя көп болғаны. Сондай-ақ піскен шұжықты йод тамызып тексеріп көруге де болады. Егер тамызған йод көк түске өзгерсе, демек оның құрамында крахмал өте көп.


Ысталған шұжықтар

Мұндай шұжықтар туралған еттен ысталып жасалады. Жартылай ысталған шұжық болса алдымен еті қуырылады, сосын пісіреді және ыстайды. Табиғи ыстау жолы өте ұзақ уақыт алады және өндірушілер үшін қымбатқа түседі. Сондықтан олар көп ретте арзан түсетін нұсқа – сұйық ыстауды қолданады.


Ысталған шұжықты таңдау кезінде мына жайттарға нара аударыңыз:

  • Шұжықты кескенде құрғақ, тегіс болып, қуыс жері және талшық үзінділері болмауы керек. Ал түсі қызғыш, алқызыл, қып-қызыл емес, қоңырқай тартып тұруы тиіс. Шұжықтың бір тілімін түтікше секілді затқа орап көру керек. Егер түтікшеге бөлінбей, сынбай жақсы оралса, демек оның сапасы да жақсы. Ал бөлініп, немесе үзінділері түсіп жатса онда ол шұжықтың құрамында табиғи ет жоқтың қасы.
  • Таза, сапалы шұжықтың сыртқы қаптамасы бүрілген, жиналған, әжім тәрізді болады. Ал егер сытқы қаптамасы қатты, жылтыр, тығыз болса онда оның құрамында су көп, яғни соя, крахмал секілді қоспалар мөлшерден тыс артық. Ал мұндай қоспалар негізінен шұжық құрамында болмауы керек. Табиғи жолмен ысталған шұжықтың сырты құрғақ әрі жылтыр болады. Ал сұйық түтінмен ысталған болса, онда қабығы күңгірт тартады және қызғылт сары (оранжевый) түсте болады.
  • Табиғи жолмен ысталған шұжықтың иісі жеңіл келеді. Ал егер иіс өткір, қатты сезіліп тұрса, онда ол арнайы сұйықтықпен ысталған.
  • Пісірілген шұжық секілді мұнда да етті үнемдеу мақсатында соя, ұн, крахмал секілді заттар қосады. Алайда көп өндірушілер бұл туралы қаптамаға жазбайды. Сондықтан шұжықты алар кезде міндетті түрде кесіп, жеп көрген дұрыс. Егер оның құрамында крахмал мен ұн болса, онда «қағаз» жеген секілді дәм сезінесіз.
  • Затбелгідегі құрамы туралы жазба мейлінше аз болуы керек, яғни ет, май және дәмдеуіштер деген секілді 3-4 қоспадан аспағаны жөн. Сондай-ақ затбелгіде Е575 деген белгі болуы мүмкін. Бұл «глюконо-дельта-лактон» қоспасы. Бұл қоспа өнімнің жасанды жолмен тез пісіп жетілуін жылдамдатады.
  • Таза шұжықтың іші қатты, құрғақ және тығыз болуы керек. Кескен кезде иілгіш келеді және жегенде оңай шайналады. Егер шұжық саусақпен басқанда жаншылып, езіліп кетсе, оның жасалу технологиясы дұрыс емес, сапасыз.
  • Сапалы шұжықтың өзгеше, қышқыл дәмі болмауы тиіс. Онда тек тұздың дәмі мен ыстың жеңіл иісі ғана болуы керек.


Шикілей, жартылай ысталғын шұжықтар

Мұндай шұжықтар ысталмайды, бұлар ұзақ кептіру арқылы дайындалады. Оларды ең сапалы деген қой, сиыр, жылқы етінен жасайды. Одан өзге оның құрамына бал мен шарап, дәмдеуіштер қосылады. Мұндай шұжықтар тоңазытқышта 4-6 айға дейін сақтала береді. Шикілей, шала ысталған шұжықтардың ең көп тұтынылатыны – "салями".


Мұндай шұжықты таңдауда мынаған мән беріңіз:

  • Өнім қошқыл түсті болса, онда оның ішінде жылқы немесе сиыр еті басым. Сондай-ақ бұл шұжық тек таза еттен жасалғандықтан бағасы да арзан болмауы керек.
  • Егер сыртқы қаптамасында ақ қақ болса, қорықпаңыз. Бұл керісінше өнімнің сапасының жақсы екенінің көрінісі. Яғни ол сыртқа бөлініп шыққан тұздан болады.

Назарға аударыңыз! Егер кез-келген шұжықтың құрамы деген жерінде соя жазылған болса, онда оның ішінде сапалы ет боларына күмәнданыңыз. Ет орнында шеміршек, қалдық ет болады. Шұжықтағы крахмал ол тек зиянсыз ас қоспасы, одан қорқудың қажеті жоқ.


Сондай-ақ егер шұжықтың 2-3 тілімін жеген соң қайта жеуге тартып тұрса, онда оның құрамында дәмді күшейтетін "глутамат натрий" қоспасы бар. Ол шұжыққа керемет дәм мен хош иіс береді. Ол сапасыз ет пен тартылған еттің дәмі мен иісін жойып жібереді.



Дайындаған: Базарбаева Эльмира,

ERNUR.KZ

Тағы оқи отырыңыз: Үйді БЕТОНМЕН қоршау ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН болуы мүмкін