Үйіңізде ​АНАР, ҚҰРМА, ІНЖІР өсіруге болады

0
12 160

Қазіргі кезде түрлі экзотикалық дақылдарды өсіру аса бір қиын емес.


Үйіңізде ​АНАР, ҚҰРМА, ІНЖІР өсіруге болады

Экзотикалық дақылдар сұрыптарына қарай Қазақстан жерінде жазда өнім беріп, қыста үсіп кетпейді. Сондай-ақ оларды үй ішіне де егіп өнім алуға болады. Ендеше төменнен дәрумендерге толы, ағза үшін пайдасы мол экзотикалық дақылдарды өз бақшамызда, үйімізде өсірудің жолдары және олар туралы қызықты мәліметтер біле аласыздар.


Анар ағашы – жылуды, күнді жақсы көретін болғандықтан көп ретте оңтүстік өңірлерде өсіріледі. Алайда суыққа төзімді «Ак-Донна», «Уличный» деген сұрыптары -18 – 22градусқа дейін және үстін жауып қойса -35 градусқа дейін үсімейді. Анар ағашы үшін ауладан, бақшадан ашық, күн көзі молынан түсетін жер қажет. Топырақ таңдамайды, тіпті тасы көп топыраққа де өске береді, тек батпақ болмаса болғаны. Мол өнім алу үшін жақсы күтімді қажет етеді.

Анар ағашын егу және күтім жасау. Көшет бірден күш алып жерсініп кетуі үшін, алдымен оны егетін жердің топырағына мол етіп шіріген көң немесе ағаш үгіндісін араластырған дұрыс. Тамырлар қысылып қалмайтындай етіп жайып отырғызамыз. Араласқан топырақпен түбін көміп, молынан суғарамыз.

Бақшадағы анар ағашы негізінен 3-4 жылда гүлдей бастайды. Ал толық жемісті 4-5 жыл дегенде береді. Мол гүлдегенімен жемістерін тек қана «әйел гүлдері» ғана береді. Ал ондай гүлдер бір ағашта ер гүлдерден 5 есеге аз болады. Яғни, мол гүлдегенімен жемісі аздау болады.

Ағаштың топырақ бетінде ең мықты деген жан-жаққа қарап өскен 4-5 бұтағын ғана қалдырып егу қажет. Сондай-ақ жылда осылай түбінен шыққан майда, әлсіз бұталарын өнім беріп болған соң күз немесе көктемде қырқып тұру қажет.

Құрғақ, ыстық ауа-райын жақсы көтереді. Мұндай кезде аптасына 1-2 рет суғару керек. Әсіресе өнім бере бастаған кезде дұрыс суғарылмай, топырағы құрғап қалса, жемістердің барлығы жарылып кетеді. Топырақтың ылғалдылығын ағаштың жасына қарай анықтауға болады. Жас анар ағашы үшін 15-20л су қажет болса, үлкейген 7-8жыл болғандары үшін 50-60л су қажет, бір құйғанда. Бұл жеміс ағашы өздігінен тозаңданады. Сондықтан оны жылыжай мен үй ішінде ыдысқа өсіруге де болады.


Інжір жемісінің денсаулық үшін пайдасы орасан. Бұл жеміс ағашы жылуды өте жақсы көреді. Сондқтан бұл ағаштан мол жеміс алу үшін солтүстік салқын өңірлер жылыжайда немесе үйде ыдысқа отырғызғаны дұрыс.

ҚЫЗЫҚТЫ: Інжір ағашы жылына екі рет өнім бере алады. Алғашқысы жазда өткен жылдағы өскіндерден. Екіншісі жаңа шыққан өскіндерден күзде.

КЕҢЕС: Егер екінші өнім пісіп үлгермей жатып күн суып кетсе, онда ағашты сол күйінде сыртынан орап, жауып қою керек. Бұл келесі жылы сіздің алғашқы өніміңіз болады. інжір ағашы еккеннен соң екінші жылы өнім бере бастайды.

Ағашты егу жолдары. Інжір ағашын көктемде отырғызған дұрыс. Алайда көктемде жер әбден қызған соң, оңтүстік өңірлерде сәуір айының ортасынан ары қарай, ал солтүстік өңірлерде мамыр айынан бастап еккен дұрыс. Өте жылусүйгіш болғандықтан бақшадағы ашық күн көзі мол түсетін жерге егу қажет. Сондай-ақ жеміс ағашы топырақ таңдамайды, тек тамыры тез өніп, жерсініп кетуі үшін топырақ қопсытып тұратын көң, ағаш үгіндісін салуға болады. Егер інжір ағашының бірнеше көшетін еккіңіз келсе онда ара қашықтығы 3-3,5 метр болуы керек. Көшетті егіп болған соң міндетті түрде 2-3 шелек су құю керек. Күтімді көп қажет етпейді. Алайда алғашқы еккен жылы апта сайын су құйып, топырағын қопсытып отыру керек. Ал солтүстік өңірлер қысқа қарай жақсылап орап қойса болғаны.

КЕҢЕС: Егер інжір ағашын орайтын болсаңыз, онда оны шамалы бір шетіне қисайтып еккен дұрыс. Сонда жүзім секілді қыста жерге қарай иіп, үстін жауып қоюға болады.

КЕҢЕС: Егер інжір ағашы дұрыс суғарылмай, топырағы құрғап қалса, онда оның өнімі азайып кетеді немесе қышқыл тартып, тез бұзылады.

Інжір ағашын үйде, ыдыста өсіру жолдары. Бұл үшін 10 л кем емес үлкен ыдыс қажет. Кез-келген даланың немесе дайын дүкеннен алынған топыраққа еге беруге болады. Өте жылусүйгіш болғандықтан оңтүстік жақтағы терезе алдында жақсы өседі. Үйде өсірген інжірдің кәдімгідей қараша айында жапырақтары түседі. Сондықтан оны желтоқсаннан бастап ақпан айының аяғына дейін салқын жерде, ұра немесе жертөледе ұстау керек.


Құрма ағашы – бұл жемісті жақсы көретін жандар өз өңіріне қарай сұрыпын таңдап алып, мол өнім ала алады. Ағаштың биіктігі 5-7 метрге дейін жетеді. Ал күтімі дұрыс болған жағдайда 3-4 жылда алғашқы өнімін бере бастайды.

Құрма ағашын егу, күту жолдары. Құрма ағашын үйдің шығыс, ашық жағына еккен дұрыс. Оған күні бойы күн түсіп тұруы керек. Ылғалды, балшықты топырақты ұнатпайды. Сондықтан ылғалды ұзақ ұстап тұра алатын, бірақ ауа өткізгіш топырақ болғаны дұрыс.

КЕРЕК КЕҢЕС: "Памперсті" топырақтағы ылғалды ұстауға пайдалауға болады.

Құрма ағашын тыңайту – көшетті еккен және келесі жылы тыңайтқыш берудің қажеті жоқ. Егер топырақ нашар болса жаз айында калий тыңайтқышымен қоректендіру керек. Құрма қазан айының басында пісе бастайды. Оларды сәл піспей жатып жинау керек. Сосын 10-15 күн ішінде үйде тұрып толық піседі. Өнімді алғашқы қар немесе үсік жүрген соң жинап алса тіптен жақсы.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.




Тағы оқыңыз: ШЫРШАны есіктің алдына ЕГУГЕ БОЛМАЙДЫ