​Балаңызды қалай тәрбиелеу керек? Нумерологтар былай бағыт береді

0
3 570

Балаға тәлім-тәрбие беруде оның табиғатын, мінез-құлық ерекшеліктерін ескермесе болмайды.


​Балаңызды қалай тәрбиелеу керек? Нумерологтар былай бағыт береді

Бала тәрбиесі – өте күрделі, қыр-сыры көп, бас қатырарлықтай мәселе. Мұнда жалпылама білім, нақты әдіс-тәсіл, қалыптасқан ережелер ешқандай нәтиже бермеуі мүмкін. Өйткені, әр бала – жеке тұлға, әрқайсының бойы өзіне тән ерекшелікке тұнып тұр. Сондықтан баланы тәрбиелемес бұрын оны жақсылап танып алуға тиіспіз. Бұл үшін нумерология ғылымы үлкен көмегін тигізе алады.


Әдеттегідей, баланың туған күніндегі цифрларды бір-біріне қосып, 1-ден 9-ға дейінгі біртаңбалы санды шығарып аламыз. Сол санға сәйкес сипаттаманы оқимыз.


Бірлік

Сіздің басты тәсіліңіз – балаңыздың көпшілік ортамен, достарымен тығыз араласуына рұқсат беру болуға тиіс. Достарын өзі таңдауына, кіммен жақын болып, кімнен алыстауын өзі шешуіне мүмкіндік беріңіз. Осылайша ол адамдарды оңай тану, жақсы мен жаманды ажырату қабілетін қалыптастырады. Өзіңіз де достық қарым-қатынаста болыңыз. Одан ешнәрсе жасырмаңыз. Маңызды тақырыптарды бірге талқылап, кеңес сұраңыз. Ол сізден ақыл сұрағанда, мәселесін құнсыздандырмай, тиісінше көңіл бөліп, кеңес беріңіз. Осы арқылы ол ересек болуды, жауапкершілік арқалауды ұғып өседі, дұрыс бағытта дамиды, өмірлік жағдайларды зердесіне тоқып, сабақ алуды, дұрыс шешім шығаруды үйренеді.


Екілік

Бұл бала жалғыздықты, оңашалықты жақсы көреді. Егер ол үйден шыққысы келмесе, шыққан күнде де өзімен-өзі ойнаса, ешкіммен достасқысы келмесе, қыстамаңыз. Досты қажет еткен кезде өзіне сенімді серік тауып алады. «2» санындағы балалар ерте есейеді. Мұны сіз байқамай қалуыңыз да мүмкін. Егер балаңыз өз қажеттіліктерін өзі қамтамасыз еткісі келсе, өз бетінше әрекет еткісі келсе немесе сізге қамқорлық жасау ниетін білдірсе, қарсылық танытып тауын шақпаңыз. Тек сырттай бақылаңыз. Қателессе, онысын өзі түзетуіне мүмкіндік беріңіз.


Үштік

Бұл баланың мойнына кішкентайынан жауапкершілік іліп, оны лайықты арқалауға, тәртіп пен ереже бекітіп, соны сақтауға баулу қажет. Олай етпесе, бұл әлемде бәрі өзіне қызмет етуге тиіс, бәрі оңай беріледі деген түсінік қалыптастырып үлгереді. Сондықтан, әр ісі мен сөзі үшін жауап беру керегін, әрбір іс-әрекеттің салдары болатынын ертерек ұққаны жақсы. Сондай-ақ, достарын, араласатын ортасын мұқият бақылап, жаман ортаға түсіп кетуден сақтандырып отыру қажет.


Төрттік

Тұла бойы күш-қуат пен тума даналыққа толып тұр. Интуициясы да өте жақсы. Мұндай баланы тәрбиелеуде онымен ересек адамша қарым-қатынас құру керек. Ақылдасу, кеңес сұрау, ой-пікірін ескеру, қабылдаған шешімдеріне қарсы келмеу – осы әрекеттер бойындағы жақсы қырларын одан әрі дамытады. Ақыл-ой мен физикалық қабілеттерін қатар дамыту жолында еңбектену керек.


Бестік

Нумерологиялық саны «5» шыққан балаларға қатаңдық танытуға, күш көрсетуге, айқаймен, қысым жасаумен тәрбиелеуге болмайды. Онымен барынша шынайы болыңыз. Өйткені олар өте сезімтал, жаны нәзік, тез жараланғыш әрі үрейленгіш. Адамдардың, әсіресе ата-анасының жылуы, махаббаты, көңіл бөлуіне зәру. Мұндай балаларды ауыр сөз, айқайсыз, сынау-мінеусіз, қатаң талаптарсыз, тек махаббат пен жұмсақтық таныта отырып қана дұрыс бағытта өсіре аласыз.

Алтылық

Талантты бала, болашақта атақты музыкант, суретші не ақын-жазушы болуы мүмкін. Қиялдау қабілеті де өте жақсы. Бірақ, бойындағы дарыны бірден көзге ұрып тұрмайды. Оны ашуға, дамытуға ата-ана тарапынан көмек керек. Армандарын айтса, қарсы келіп, басқа бағытқа бұрмаңыз. Болашағына балта шабуыңыз мүмкін. Тек бала кезінен өзін іздеуіне мүмкіндік беріп, ішкі қабілеттерін тануына, дамытуына көмектесіңіз. Еңбегіңізді міндетті түрде ақтайды.


Жетілік

Сәтті жұлдыз аясында туғандар. Олардың жолы болғыш. Алайда, өмірде бәрі осылай тез әрі жеңіл келе бермейтінін, сәттілікке сеніп, әрекет етпей қодың дұрыс еместігін ұқтыру – ата-ананың міндеті. Әрине, өмірдің қандай қатал, әділетсіз екенін айтып қорқытудың қажеті жоқ. Алайда, қай кезде болмасын алдын күн ілгері болжаудың, сақтық жасаудың маңыздылығын түсіндіруге тиіссіз. әйтпесе, бала тым еркелеп, шолжаңдап кетіп, от басуы ықтимал.


Сегіздік

Олар қолында бардың бағасын біледі. Білмесе, бағалауға үйрету керек. «Сегіздік» аясындағы балалардың бойында сан қырлы талант тұнып тұрады. Егер оны кішкентайында ашып, өзіне таныстырып, дамыту жолында еңбек етпесе, ересек болғанда өздігінен аша алмайды.


Тоғыздық

Өте қызуқанды, мінезі құбылмалы балалар. Жел секілді, бірде құйын, тіпті дауылға айналып кетуі мүмкін. Оларға бастаған істі соңына дейін жеткізу керегін, әр сөзі үшін жауап беретінін кішкентайынан ұғындыру қажет. Әйтпесе, есейгенде сенімсіз, тұрақсыз жанға айналады. Сондай-ақ, өмірі өз қолында, тағдырында жолыққан әрбір сәтсіздік – өз қателігінің салдары екенін, әрекетсіздік жеңіліске апаратынын сөзбен, мысалдармен, өмірлік жағдайлармен түсіндірген де артық болмайды.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Күйеуіңіздің ең жиі айтатын өтірігі - ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША